Accessibility links

Сот Жанболат Мамайды қамаудан босатпады


Алматы қалалық соты (Көрнекі сурет).
Алматы қалалық соты (Көрнекі сурет).

Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы журналист, тәуелсіз "Трибуна. Саяси қалам" газеті редакторының міндетін атқарушы Жанболат Мамайды қамауда қалдырды.

Мамайдың адвокаты Жанар Балғабаеваның айтуынша, сот шағымданушы тараптың Медеу аудандық сотының Мамайды қамауға алу туралы шешіміне берген шағымын қанағаттандырмады.

- Сот келтірген уәжімді, Мамайдың отбасылық жағдайын, асырауында қарт ата-анасы, баласы бар дегенімді ескергісі келмеді. Алып келген кепілді қарамады, - деді Балғабаева.

Сотқа Жанболат Мамайдың өзін әкелмеді. Бүгін сот басталардың алдында белсенділер - Мамайды қорғау комитетінің мүшелері журналисті босатуды талап етіп акция өткізген.

28 жастағы журналист Жанболат Мамайды ақпанның 10-ы күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлері ұстап, сот оны екі айға қамауға санкция берген. Мамайды "БТА банктен" Мұхтар Әблязовтың кезінде ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деген күдікпен тергеп жатыр.

Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, бұл істі өзінің журналистік қызметі мен "Трибуна. Саяси қалам" газетін жабуға бағытталған саяси астары бар әрекет деп санайтынын мәлімдеген. Қазір шетелде жүрген опозициялық саясаткер, "БТА банк" директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов та Мамаймен ешқашан кездеспегенін айтып, жаңа айыпты "абсурд" деп атаған.

XS
SM
MD
LG