Accessibility links

Шымкенттік белсенділер "26-бапты өзгертуге қарсылық" хатын тапсырды


Шымкенттік белсенділер Шымкент қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбековке (ортада) конституцияның 26-бабын өзгертуге қарсылық хатын тапсырып отыр. 20 ақпан 2017 жыл.

Бүгін шымкенттік белсенділер Шымкент қаласы әкімдігі ішкі саясат бөліміне 200-ден адамның қолы қойылған қарсылық хатты тапсырды деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

"Қазақстан республикасы конституциясы 26-бабының 1,2-тармақтарына өзгеріс енгізуге қарсымыз" деген мәтіннің астына реттік нөмір бойынша аты-жөні жазылған хатқа 228 адам қол қойған. Белсенді Ардақ Әшімованың айтуынша, бұл хатқа азаматтар ерікті түрде қол қойған.

- Бұл бап бойынша халықтың көбі хабарсыз. Естіп білгендер хатқа сөзге келмей қол қойып жатыр, - дейді белсенді.

Ардақ Әшімованың пікірінше, мемлекеттің тағдырын шешетін бап болса да талқыға салу мерзімі аз.

Шымкент қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Қалыбековтың айтуынша, қандай да бір ұсыныс болса оған пікір айтуға әрбір азаматтың құқығы бар. "Қазір талқылау жүріп жатыр. Ұсынысты жазуға, ой-пікір айтуға болады" дейді шенеунік.

Белсенді Жанысбек Өтегеннің сөзінше, хатқа қол қойғандар - 26-баптың өзгеруіне қарсылық танытып жатқандардың бір бөлігі ғана.

- Бұған дейін жүзге жуық азаматтың қолы қойылған хатты қала және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне тапсырдық. Қол жинауды әлі де жалғастырамыз, - деді ол.

Қанат Қалыбеков белсенділердің хатын түпнұсқасында қабылдап алғанын растап, хаттың көшірмесіне қол қойып, мөр басып берді.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG