Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданындағы Атакент, Асықата мен Ырысты ауылдарындағы және Жетісай қаласындағы 42 ауланы су алды деп хабарлады Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы Зарипа Абдуллақызы.
Оның айтуынша, бұл оқиға жайлы хабар 18 ақпан күні келген.
«Су тұрғындардың ауласына кірген» дейді ол.
Мақтарал ауданының әкімі Ғалымжан Исмаиловтың Азаттыққа айтуынша, қазір Атакент ауылындағы тұрғындардың ауласындағы суды сорғызып жатыр.
«Осындағы 34 үйге қауіп төніп тұр. Соңғы күндері жауған жауын мен жерасты суы көтеріліп, аулаларды су алды» дейді аудан әкімі.