Accessibility links

Апелляциялық сот "балқаштық терроршылар" үкімін өзгертпеді


"Балқаштық терроршылар" ісі бойынша үкім оқылып жатқан сәт. Қарағанды, 9 желтоқсан 2016 жыл.
"Балқаштық терроршылар" ісі бойынша үкім оқылып жатқан сәт. Қарағанды, 9 желтоқсан 2016 жыл.

2016 жылы желтоқсанда теракт жасады деген айыппен ұзақ мерзімге сотталған Қарағанды облысы Балқаш қаласының сегіз тұрғынының үкімі өзгертілмеді. Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы 21 ақпанда алғашқы сот инстанциясының үкімімен келіспеген жеті адамның апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады. Үкім 21 ақпанда күшіне енді. Сот отырысы жабық түрде өтті.

- Апелляциялық шағымды бұл іс бойынша сотталған сегіз адамның жетеуі берді. Бес сотталушы соттан жазаларын жеңілдетуді, екеуі өздерін ақтауды сұрады. Ал сотталған Кеңес Ташмұхамбетов шағымданбады, - деді Азаттыққа Қарағанды облыстық сотынан.

Кейбір сотталғандар адвокаттарының сөзіне қарағанда, олар "іс шынайы қаралады" деген үмітпен Жоғарғы сотқа кассациялық шағым түсірмек. Кейбір адвокаттар бұған дейін жеке тәжірибелерінде соттың дәл мемлекеттік айыптаушы сұраған жазаны кескенін бірінші рет көргенін айтқан.

- Алты адамға дәлелдер бар, олар өз кінәларын мойындап отыр және үкімді жеңілдетуді сұрайды. Екі сотталушы - үкімге шағым берген менің қорғауымдағы Қайыр Үсенов пен оның туысы Думан Үсеновке қатысты бұлтартпас айғақ жоқ. Жалғыз ғана дәлел - сотталушылардың тергеуде берген жауабы ғана. Менің қорғауымдағы адам әскери бөлімге шабуыл туралы үндеуді естіген, бірақ оған келіспеген. Егер одан барлығын жасырса, ол қалай топ құрамында бола алады? Біз сот басталғанда-ақ айыпты өзгертуді сұрағанбыз, бірақ ол өтінішімізді қабылдамады. Бұл екі сотталушыға қатысты дәлелдер жеткіліксіз және оларға жазаны жеңілдетуге болар еді, - деді Азаттыққа адвокат Асқар Бейсембаев.

"Балқаш ісі" бойынша сотталғандар арасында сот радикалдық топтың жетекшісі деп танып, 14 жылға соттаған Бауыржан Спанбетов пен Ерлан Үсенов, "топ мүшелері" деп танылып, 12 жылға сотталған Кеңес Ташмұхамбетов, ағайынды Думан және Қайыр Үсеновтер, 11 жылға сотталған Мұрат Махмұтов, 10 жылға сотталған Нұрбол Қалашбаев пен Бақытжан Әбдіқошов бар. Жабық режимде өткен алғашқы сот инстанциясы сегіз сотталушының да "заңсыз немесе қылмыстық жолмен тапқан" дүние-мүлкін тәркілеуге шешім шығарған. "Балқаштық террористер" ісіне қатысты ақпараттардың көп бөлігі ашылмады. Журналистер сотқа үкім жарияланған кезде ғана кіргізілді.

Балқаштың сегіз тұрғыны 2016 жылғы маусымда өзге тұтқындау оқиғалары тұсында ұсталды. Арнайы қызмет әлдебір заттарды жасыру үшін терроршылар деп болжанған адамдар Балқаш қаласы, Гүлшат ауылы және Балқаш станциясы маңында дайындаған төрт орын табылғанын хабарлаған болатын. Әлгі орындардан қару-жарақ, оқ-дәрі және қолдан жасалған жарылғыш заттардың бөлшектері, химиялық заттар, жарылысты іске қосатын құралдар, металл шыбықтар табылған. Күдіктілерді ұстау кезінде "террористердің" бірі тұратын үйдің шатырында жарылғыш құрылғы іске қосылып, ол адам жарақаты салдарынан өлген.

Сегіз сотталушыны "террорлық топ құрып, оған мүше болды", "адам өміріне қастандық жасамақ болды", "атыс қаруын, оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды заңсыз сақтады", "заңсыз қару жасады" деп айыпты деп танылды. Тергеу болжамынша, "балқаштық терроршылар" ісі бойынша айыпталғандар Сирияға кетіп, террористік актілер жасауға қатысуды ұйғарған, Қазақстанда террористік актілер дайындаған және Балқаш қаласындағы ресейлік әскери бөлімге шабуылдауды жоспарлаған.

XS
SM
MD
LG