Accessibility links

АҚШ барлық заңсыз мигрантты елден шығару жоспарын дайындады


Джон Келли, АҚШ ұлттық қауіпсіздік министрі.
Джон Келли, АҚШ ұлттық қауіпсіздік министрі.

АҚШ ұлттық қауіпсіздік министрлігі заңсыз мигранттармен күресу мақсатында жаңа қатаң жарлық шығарды. Ведомство басшысы Джон Келли шекара және миграция қызметтеріне заңсыз жүргені анықталған мигранттардың барлығын мүмкіндігінше жылдам депортациялауға тапсырма берді. Дегенмен, бұрынғы президент Барак Обама тұсында қабылданған АҚШ территориясына бала кезінен келіп, тұрып жатқандарды қорғайтын ережелер күшінде қала бермек.

Қылмыстық істерде айыпты деп танылған шетелдіктерді елден шығару да бұрынғысынша басты назарда қала береді. Осы ереже бұдан былай айыптау тағылған немесе тағылуы мүмкін мигранттарға да қолданылады. Бұл ереженің күші енді ауыр қылмыс жасағандармен қатар, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны, дүкендерді тонағаны үшін ұсталғандарға да жүреді. Кейбір деректер бойынша, АҚШ-та шамамен 11 миллионға жуық заңсыз мигрант жүр.

Инаугурациядан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Мексика шекарасына ұзындығы үш мың километрден асатын қабырға құрылысын бастауға бұйрық берген еді. Джон Келли тиісті құрылымдарға құрылыс жұмыстарын жылдамдатып бастауды тапсырды. Бұдан тыс министрлік басшысы шекара және миграция қызметтеріне тағы да 15 мың қызметкер алуға бұйрық шығарды.

Жаңа ережелер депортациялау шараларын жеңілдетеді. Келлидің айтуынша, бұрынғы сот тыңдалымын талап ететін жаппай ұстау үкіметке артықша жүк болып келген. Жаңа жарлық Джон Келли мен АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонның Мексика президенті Энрике Пена Ньетамен болатын кездесуі қарсаңында шығарылып отыр.

XS
SM
MD
LG