Amnesty International (AI) халықаралық құқық қорғау ұйымы Орталық Азия мемлекеттерінің көбінде өзгеше ойлайтындар мен саяси оппозицияны басып-жаныштау әдеттегі іске айналды деп мәлімдеді. AI бүгін жариялаған әлемдегі адам құқығының жағдайы туралы есебінде Қазақстандағы адам құқығының жай-күйі "кәдімгідей нашарлағаны" айтылады. Есепте азаматтардың ой-пікірін білдіру еркіндігі, бейбіт жиын өткізу құқығы мен ұйымға бірігу еркіндігі шектеліп қалғаны айтылады.
Ұйым есебінде Қазақстан билігі 2016 жылы үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілеріне қарсы қылмыстық қудалау қолданып, жер кодексін өзгертуге қарсы митингілерге қатысқан жүздеген адамның тұтқындалғанын айтады. Билік "азаматтарды рұқсат етілмеген митингілерге қатыстырмау үшін" әкімшілік қамауға алып, әлеуметтік желі қолданушылары мен тәуелсіз журналистерге қылмыстық жаза қолданды дейді AI.
Amnesty International есебінің Тәжікстан туралы бөлімінде тәжік билігінің елде тыйым салынған оппозициялық Тәжікстан ислам қайта өрлеу партиясына (ТИҚП) қатаң шаралар қолданылғаны айтылады. Құқық қорғаушылар бес жыл бұрын үкіметтің теле және радио хабарларын таратуға мемлекеттік телеарна және радио хабарларын тарату комитеті арқылы бақылауына мүмкіндік беретін жарлық шыққанын да келтіреді.
Есепте Өзбекстан мен Түркіменстанда да күрделі проблемалар бары айтылған. Өзбекстанның түрмелері мен тергеу изоляторларында азаптаудың әлі тоқтамай тұрғаны да айтылған. AI Түркіменстан 2016 жылдың ақпанында адам құқығы саласында Ұлттық іс-қимыл жоспарын қабылдаса да, елдегі адам құқығының жай-күйі жақсармағанын, елге тәуелсіз бақылаушылар кіре алмайтынын айтады.
Баяндама авторлары Қырғызстанда 2016 жылы "әйелдерге қатысты зорлық көрсетіп, азаптаған адамдардың әлі жазаланбағаны" туралы айтады. Есепте Қырғызстан билігі 2010 жылы маусымда Ош пен Жалал-Абад қалаларында болған оқиғаларды тергеуге шындап күш салмады делінеді.