Accessibility links

Қарағанды облысында Ақтау кентінің жылу қазандықтарын тексерді


Шахандағы құлаған үй. Қарағанды облысы, 2 қаңтар 2016 жыл.
Шахандағы құлаған үй. Қарағанды облысы, 2 қаңтар 2016 жыл.

Қарағанды облысының прокуратурасы Ақтау кентіндегі дербес жылу жүйесі орнатылған көп қабатты үйлерді тексеріп, олардан өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылғаны анықталғанын хабарлады. Бұл қауіпсіздік шаралары қаңтардың басында Шахан кентінде дербес жылу қазандығы бар бес қабатты үйде жарылыс болып, тоғыз адам қаза тапқан соң жасалып жатыр. Жылу қазандықтарын Теміртау қалалық прокуратурасы жергілікті құзыретті мемлекеттік органдармен бірігіп жасап отыр.

"Жылу қазандығы орналасқан жайда өрт қауіпсіздігі нормаларын бұза отырып, көмір мен өзге де жанғыш заттар сақталған. Өрт сөндіру құралдары болмаған. Ақтау кентіндегі қазандықтарда қауіпсіздік техникасы нұсқамалығын өтпеген 50-ден астам от жағушы жұмыс істейді. Тексеру кезінде барлық қазандықтарда тексеруден өткені туралы сертификаты жоқ өлшеу аспаптары мен құрал-жабдықтары орнатылғаны, орынжайлардың тиісті желдету жүйесімен жабдықталмағаны анықталды" деп хабарлады тексеру жүргізуге тапсырма берген Қарағанды облыстық прокуратурасы.

Ақтау кентінде 17 дербес жылу қазандығы бар, олардың 8-і көп қабатты үйлерді, 9-ы бюджеттік мекемелерді жылытады. Прокуратураның мәліметінше, дербес жылу қазандықтары орнатылған орынжайларда электр желілерін тексеру, электр құрылғыларын жерге тұйықтау жұмыстары жасалмаған.

Прокуратураның хабарлауынша, Ақтау кенті қарайтын Теміртау қалалық әкімдігінің атына "прокурорлық шара қолдану актісі" берілген. Қазір қазандықтарға қызмет көрсетуді пәтер иелерінің кооперативтері балансына беру мәселесі қаралып жатыр. Сонымен қатар от жағушыларды оқытып, қазандықтарды өрт қауіпсіздігі талаптарына сай жабдықтау да ұсынылған.

XS
SM
MD
LG