Accessibility links

Жанболат Мамайды қорғау комитеті баспасөз конференциясын өткізді


Жанболат Мамайды қорғау комитетінің өкілдері -(оңнан солға қарай) Инга Иманбай, Рысбек Сәрсенбай, Евгений Жовтис, Гүлжан Ерғалиева, баспасөз мәслихатында отыр. Алматы, 23 ақпан 2017 жыл.

Алматыда бүгін тәуелсіз журналист, екі ай мерзімге қамауға алынған Жанболат Мамайды қорғау комитетінің өкілдері баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында Мамайдың адвокаты Жанар Балғабаева, журналистер Гүлжан Ерғалиева, Рысбек Сәрсенбай, Инга Иманбай, құқық қорғаушы Евгений Жовтис болды.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Жанар Балғабаева Жанболат Мамайдың қазір СИЗО-да төрт қылмыскермен жатқанын, сондықтан қауіпсіздігіне кепілдік жоғын айтты. Адвокаттың сөзінше, қазір абақтыда Мамайды ұрып-соқты дегендер анықталып жатыр. Қоғам дүрліге бастаған соң оны соққыға жығу тоқтаған.

Евгений Жовтис Мамайдың тұтқындалуын тәуелсіз басылымдарға жасалып жатқан қысыммен байланыстыратынын айтты.

- Қаржыға байланысты қылмыстық іс қозғағанымен, саяси іс екені көрініп тұр. Жанболатты ұрып-соғуға қылмыскерлерді қосқаны бірнеше факторлардан білініп отыр. Ұрып-соғудағы мақсаты психологиялық қысым жасау, саясатпен айналысудан бас тартуға мәжбүрлеу, - деді Жовтис.

Гүлжан Ерғалиева өзінің БАҚ саласында қызмет еткеніне ондаған жыл болғанын айтып, 15 мың тиражбен шығатын газет ірі сомадағы ақшаны жымқыруға пайдаланылды деуді "абсурд" деп атады.

- Бұл газеттің қаржылық жағдайы нашар болатын. 2014 жылы газет шығатын күндері қарыз іздеп жүрген кезінде бірнеше рет қарыз бергем.Олар біртіндеп қайтарды. Әблязовтен ақша алса сөйтуші ме еді, - деді Ерғалиева.

Баспасөз жиыны өтіп жатқан ғимаратытң айналасында полиция қызметкерлерінің қарасы мол. Жиналғандар баспасөз конференциясынан соң қалалық прокуратураға бармақ.

28 жастағы журналист, тәуелсіз "Трибуна. Саяси қалам" газеті бас редакторының міндетін атқарушы Жанболат Мамайды ақпанның 10-ы күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлері ұстап, сот оны екі айға қамауға санкция берген. Мамайды "БТА банктен" Мұхтар Әблязовтың кезінде ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деген күдікпен тергеп жатыр.

Алматы шетіндегі ЛА155/18 тергеу изоляторында (СИЗО) отырған Мамайға камераластары тарапынан қысым жасалғаны туралы 21 ақпанда адвокат Балғабаева хабарлаған. Адвокат Мамай өзімен кездесуінде өткен жұма күні өзін басқа камераға ауыстырғанын, сол жерде камераластарынан соққы жеп, моральдық қысым көргенін айтты деген.

Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, бұл істі өзінің
журналистік қызметі мен "Трибуна. Саяси қалам" газетін жабуға
бағытталған саяси астары бар әрекет деп санайтынын мәлімдеген.

Қазір шетелде жүрген опозициялық саясаткер, "БТА банк" директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов та Мамаймен ешқашан кездеспегенін айтып, оған таққан айыпты "абсурд" деп атаған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG