Accessibility links

Журналист Мамайды басқа камераға ауыстырды


Жанболат Мамай Медеу аудандық сотында жауап беріп тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл.
Жанболат Мамай Медеу аудандық сотында жауап беріп тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл.

«Қаржылық қылмыс жасады» деген күдікпен екі ай мерзімге қамауға алынған журналист Жанболат Мамайды ЛА155/18 тергеу изоляторындағы басқа камераға ауыстырды деп хабарлады оның адвокаты Жанар Балғабаева.

"Изоляторда отырған Мамайды ұрып-соқты дегендер анықталып жатыр. Қоғамда дүрліге бастаған соң оны соққыға жығу тоқтаған. Кеше арнайы прокурор кірді. Бүгін ұлттық превентивтік механизм өкілдері кірген соң ғана Мамайды басқа камераға ауыстырды" дейді Жанар Балғабаева.

Алматы шетіндегі ЛА155/18 тергеу изоляторына қамалған Жанболат Мамайдың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмегенін Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі уәкілнің баспасөз қызметі де растайды. Мекеме дерегінше, ұлттық превентивтік механизм өкілдері Мамайдың ол жерде «бұрын бірнеше рет сотталған камераластары тарапынан психологиялық және физикалық қысым көргенін анықтаған».

Ұлттық превентивтік механизм өкілдері Жанболат Мамайды қауіпсіз орынға ауыстырғанша тергеу изоляторында болғандарын айтады. Бірақ оның адвокаты Жанар Балғабаева Мамайдың қазір «төрт қылмыскермен бірге жатқанына, сондықтан қауіпсіздігіне кепілдік жоғына» алаңдайды.

28 жастағы журналист Жанболат Мамайды ақпанның 10-ы күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлері ұстап, кейін сот оны екі айға қамауға санкция берген. Мамайды «БТА банктен» Мұхтар Әблязов басқарған кезде ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін «Трибуна. Саяси қалам» газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған» деген күдікпен тергеп жатыр.

Жанболат Мамай тағылған айыпты жоққа шығарып, бұл істі өзінің журналистік қызметіне қатысты және «Трибуна. Саяси қалам» газетін жабуға бағытталған саяси астары бар әрекет деп санайтынын мәлімдеген. Қазір шетелде жүрген Мұхтар Әблязов та Мамаймен ешқашан кездеспегенін айтып, оған таққан айыпты «абсурд» деп атаған.

XS
SM
MD
LG