Accessibility links

Блогер Асхат Берсәлімов 15 тәулікке қамалды


Асхат Берсәлімов, блогер.
Асхат Берсәлімов, блогер.

Алматы қалалық әкімшілік соты 23 ақпан күні кешке блогер Асхат Берсәлімовті заңсыз митинг өткізбек болды деп айыптап 15 тәулікке қамады. Бұл туралы Азаттыққа әкімшілік сот залынан журналист әрі құқық қорғаушы Андрей Свиридов хабарлады. Асхат Берсәлімовтің адвокаты Жанар Балғабаеваның Азаттыққа айтуынша, ол өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Себебі Берсәлімов ешқандай митинг ұйымдастырмаған және қатыспаған, ол журналист Жанболат Мамайды қолдаған пикеттен хабар таратпақ болып ұсталғанда тек өзінің блогерлік міндетін орындаған.

Берсәлімов пен оның адвокаты полицияның ұстауын БАҚ туралы заңды бұзу деп санайды. Адвокат сот шешіміне оның ресми мәтіні қолына тиісімен шағымданатынын айтты.

Асхат Берсәлімов пен азаматтық белсенді Ғалым Ағелеуов 23 ақпанда түске таман қалалық ҰҚК департаменті алдында ұсталған. Мұнда азаматтық белсенді Ерлан Қалиев журналист Жанболат Мамайды қолдап бір кісілік акция өткізбек болған, бірақ Қалиевті одан бұрын полиция ұстап әкетті. Кейін Қалиев пен Ағелеуов босатылып, күндіз ҰҚК департаменті алдында Ағелеуовтің мәлімдемесінен онлайн хабар таратқан Берсәлімовке полиция әкімшілік іс қозғап, сотқа апарды.

28 жастағы журналист, тәуелсіз "Трибуна. Саяси қалам" газеті бас редакторының міндетін атқарушы Жанболат Мамайды ақпанның 10-ы күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы қызметкерлері ұстап, сот оны екі айға қамауға санкция берген. Мамайды "БТА банктен" Мұхтар Әблязовтың кезінде ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деген күдікпен тергеп жатыр.

Жанболат Мамай өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, бұл істі өзінің
журналистік қызметі мен "Трибуна. Саяси қалам" газетін жабуға
бағытталған саяси астары бар әрекет деп санайтынын мәлімдеген.

Қазір шетелде жүрген опозициялық саясаткер, "БТА банк" директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязов та Мамаймен ешқашан кездеспегенін айтып, оған таққан айыпты "абсурд" деп атаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG