Accessibility links

Нидерландының исламға қарсы депутаты сайлауалды кампаниясын тоқтатты


Герт Вилдерс, нидерландылық депутат.
Герт Вилдерс, нидерландылық депутат.

Нидерландылық исламға қарсы көзқарастағы депутат Герт Вилдерс мен оның ультра оңшыл Еркіндік партиясы келесі айда өтетін парламент сайлауы қарсаңында сайлауалды кампаниясын уақытша тоқтатты. Бұған марокколық бандаға Вилдерс туралы мәлімет берді деген күдікті полицияның ұсталуы себеп болды.

"Өте үрейлі хабар. Еркіндік партиясы барлық жағдай толық анықталғанға дейін барлық қоғамдық іс-шараларын тоқтатады" деп жазды Вилдерс Twitter-де. Наурызда Нидерландыда сайлау өтеді. Вилдерс партиясының сайлауда жеңіске жету мүмкіндігі жоғары болғанымен, өзге саяси күштермен коалиция құра алуы неғайбыл.

Вилдерс исламға теріс көзқарасымен, миграциялық саясатқа қатаң ұстанымымен белгілі және ол марокколықтар мен түріктерге тіл тигізген. Ол он жылдан астам уақыттан бері өміріне қауіп төнетіндіктен үнемі күзетпен жүреді.

Ұсталған полиция қызметкері жоғары шенді шенеуніктер мен дипломаттардың қауіпсіздігіне жауапты полицейлер тобының құрамында болған. Вилдерс өткен жылы марокколықтарға тіл тигізгені үшін сотталған. Өткен аптада ол сайлау кампаниясы барысында Мароккодан шыққан мигранттарды Нидерландыда қылмыс жасайтын "марокколық азғындар" деп атаған. Үкімет Вилдерстің қорқынышын сейілтуге тырысып, оның сайлауалды кампаниясын жалғастыра беруге болатынын айтады. 2002 жылы нидерландылық популист саясаткер Пим Фортеинді көлік тұрағында жануарлар құқығын қорғайтын белсенді атып кеткен.

XS
SM
MD
LG