Accessibility links

Астанада үлескерлер прокуратурамен кездестіруді талап етіп жатыр


"Орал-дизайн-стройсервис" компаниясының үлескерлері қалалық прокуратурада отыр. Астана, 24 ақпан 2017 жыл
"Орал-дизайн-стройсервис" компаниясының үлескерлері қалалық прокуратурада отыр. Астана, 24 ақпан 2017 жыл

Астанада бүгін қалалық прокуратура алдына "Орал-дизайн-стройсервис" компаниясының наразылық танытқан жүз шақты үлескері жиналды. Наразылар "Орал-дизайн-стройсервис" директоры Кеңес Жұмабековті қамауға алуды, компанияны банкрот деп танымауды және компаниямен арадағы дауға қатысты істі қайта тергеуге жібермеуді талап етеді.

Өзін осы компанияның үлескерімін деп таныстырған Асылбек Зұлхажаптың Азаттыққа айтуынша, "Орал-дизайн-стройсервис" 2008 жылдан бері Астанада 750-дей үлескерге арнап жартылай мемлекеттік бағдарламамен көп қабатты 13 үй салуы тиіс болған. Содан бері 13 үйдің 9-ының 80 пайызы салынған, қалған төртеуінің құрылысы басталмаған. Зұлхажап сонымен қатар кейбір пәтерлер екі адамға бірдей сатылып кеткенін айтады.

- Бұл мәселеге қатысты 2014 жылы ақпанда қылмыстық іс қозғалып, ол 2016 жылы қазанда сотқа өткен. Компанияның бір пәтерді бірнеше адамға сату оқиғалары тоқтамай отырғаны анықталған соң біз құзырлы органдардан компания директорын қамауға алуды сұрадық. Бірақ ол талаптарымыз орындалмай отыр, - деді Асылбек Зұлхажап.

Асылбек Зұлхажап, "Орал-дизайн-стройсервис" компаниясының үлескері. Астана, 24 ақпан 2017 жыл
Асылбек Зұлхажап, "Орал-дизайн-стройсервис" компаниясының үлескері. Астана, 24 ақпан 2017 жыл

Үлескерлер 7 ақпанда өткен соңғы сот отырысында судья істі прокуратураға қайтарып жібергенін айтып, прокуратурадан істі қайта тергеуге қарсылық білдіруді талап етеді.

- Егер компания банкрот деп жарияланса біз үйсіз қаламыз. Себебі, пәтерлерімізді компания қарыз алған банктер тартып алады. Ол үйлерді салуға мемлекет бір миллиард теңге бөлген, үлескерлер 6 миллиард теңге қаржы салған, - дейді Зұлхажап.

Үлескерлер прокуратура залында жиналып, қала прокурорымен кездеспей тарқамайтындарын мәлімдеген. Кейін прокуратура өкілі наразылардың өтінішіне сай, компания басшысын қамауға алуды сұраған прокурор хаты апелляциялық сотқа жолданатыны туралы хабарлады.

Азаттық тілшілері даулы мәселе жөнінде «Орал-дизайн-стройсервис» серіктестігі басшылығынан комментарий алуға тырысқанымен, олармен байланысу мүмкін болмады.

Үлескерлердің прокуратураға талабы туралы видео:

Астанадағы үлескерлер наразылығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:38 0:00

XS
SM
MD
LG