Accessibility links

Ақтауда Нұрияш Әбдірайымованы бірнеше сағат полицияда ұстады


Азаматтық белсенді Нұрияш Әбдірайымова конституцияның 26-бабын өзгертуге қарсылық білдірген тұрғындар хатын факс арқылы жолдауға «Қазақтелеком» мекемесіне келіп тұр. Ақтау, 24 ақпан 2017 жыл.
Азаматтық белсенді Нұрияш Әбдірайымова конституцияның 26-бабын өзгертуге қарсылық білдірген тұрғындар хатын факс арқылы жолдауға «Қазақтелеком» мекемесіне келіп тұр. Ақтау, 24 ақпан 2017 жыл.

Жұма күні Ақтау қаласында жергілікті азаматтық белсенді Нұрияш Әбдірайымованы полицияда бірнеше сағат ұстаған соң босатты. Оны бүгін Қазақстан парламенті депутаттарына конституцияның 26-бабын өзгертуге қарсы Маңғыстау облысы тұрғындарының хатын жіберуге Ақтаудағы пошта бөлімшесіне барған кезде полиция қызметкерлері ұстап әкеткен.

- Олар "конституцияға өзгеріс енгізуге қарсы үгіттедің бе, қолды қайдан жинадың?" деп сұрады. Ешкімді үгіттемегенімді, қолды тұрғындар өз еріктерімен қойғанын айттым. Полициядағылар тұрғындар қолы жиналған қағаздарымды қайтармай алып қалды, - дейді белсенді.

Бүгін Нұрияш Әбдірайымоваға ақпанның 27-і күні әкімшілік сотқа шақыртылатыны туралы қағаз тапсырған.

Ақтау қалалық жергілікті полициясы бастығының орынбасары Омар Тасқынбеков Нұрияш Әбдірайымованың не себепті ұсталғаны туралы Азаттық сауалына жауап беруге уәде еткенімен, кейін одан комментарий алу мүмкін болмады.

Жұма күні күндіз полиция ұстап әкеткенге дейін 56 жастағы Нұрияш Әбдірайымова Қазақстан конституциясындағы мүлікке меншік құқығы жайлы жазылған 26-бапқа өзгеріс енгізуге қарсылығын білдірген 645 адамның қолы қойылған хатты Ақтаудағы "Қазақтелеком" мекемесінен факс арқылы парламентке жөнелткен еді.

Нұрияш Әбдірайымова биыл ақпан айында Ақтау қалалық әкімдігіне өткен жылы Атыраудағы "жер мәселесі" туралы митингіден кейін бес жылға сотталған азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянды қолдау және конституцияның 26-бабын өзгертуге қарсылық білдіру үшін митингі өткізуге рұқсат сұрап үш рет өтініш тапсырған. Жергілікті билік белсендінің өтініштерін қанағаттандырудан бас тартқан.

XS
SM
MD
LG