Accessibility links

Астана маңындағы ауданда төтенше жағдай жарияланды


Ақмола облысы Аршалы ауданында төтенше жағдай жарияланды деп хабарлайды облыстық төтенше жағдай жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі.

Хабарламада жергілікті аумақта төтенше жағдай «Жібек жолы ауылындағы Безымянная су қоймасының су өткізгіш құрылғысы апатты жағдайда болғандықтан және су бөгетіне қауіп төнгендіктен» жарияланғаны айтылған.

Безымянная су қоймасы Жібек жолы ауылының оңтүстік беткейінде Есіл өзені арнасында орналасқан. Төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық департаменті ақпаратында шлюздер апатты жағдайда екендігі, су бөгетіндегі гидротехникалық шлюз және бетон құрылымдарына қауіп бары хабарланған.

Төтенше жағдай тәртібі «Жібек жолы ауылындағы Безымянная су қоймасының жағдайын зерттеген комиссия» тұжырымын ескере отырып және «алдын алу шарасы ретінде» жарияланды деп хабарлайды облыстық әкімдік. Қоймадағы суды төмендету үшін одан өзенге су ағызатын құбырлар орнату жоспарланып отырғаны айтылады. Облыстық төтенше жағдай жөніндегі департамент бөлімшелері «ерекше бұйрық түскенше күшейтілген тәртіпке» көшірілген.

XS
SM
MD
LG