Accessibility links

Билік Жанболат Мамайды абақтыда ұрып-соқпағанын мәлімдеді


Оппозициялық «Трибуна» газетінің жетекшісі Жанболат Мамай сотта жауап беріп тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл.
Оппозициялық «Трибуна» газетінің жетекшісі Жанболат Мамай сотта жауап беріп тұр. Алматы, 11 ақпан 2017 жыл.

Алматы қалалық прокуратурасы ішкі істер министрлігінің қылмыстық атқару жүйесі комитетімен (ІІМ ҚАЖК) бірге тұтқындағы оппозициялық журналист Жанболат Мамайға қатер төнгені және қысым көрсетілгені туралы БАҚ-та жарияланған хабарлар мен адвокат Жанар Балғабаеваның шағымы бойынша тексеру жүргізіп, ол ақпараттың шындыққа сай еместігін анықтады деп хабарлайды "Қазақпарат" мемлекеттік ақпарат агенттігі мен басқа да жергілікті агенттіктер ІІМ ҚАЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Тергеу кезеңінде қамауда отырған оппозициялық «Трибуна» газетінің жетекшісі Жанболат Мамай тергеу абақтысының әкімшілігі және өзімен бірге камерада отырған басқа тұтқындарға ешқандай наразылығы жоғын ауызша және жазбаша жеткізген. Тергеу абақтысының медициналық қызметкерлері Мамайдың денесінде қандай да бір жарақат ізі жоғын тіркеген, ол [Мамай] медициналық сараптамадан өтуден бас тартқан" деп жазылған хабарламада. "Осылайша Жанболат Мамайдың өміріне қауіп төнгені туралы дерек расталған жоқ" деп жазады "Қазақпарат". "Дау-дамайды ушықтырмау үшін" Мамайды тергеу абақтысындағы басқа жалпы камераға ауыстырғаны айтылған.

Бұған дейін Жанболат Мамайдың адвокаты мен жақтастары оппозициялық журналистке қамауда бірге отырған басқа тұтқындар күш көрсетіп, оны тергеуге "қажетті деректерді" беруге мәжбүрлемек болған деп мәлімдеген. Ақпанның 10-ы күні ұсталып, сот шешімімен екі айға тұтқындалған 28 жастағы Жанболат Мамайды "БТА Банктен" ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деген күдікпен тергеп жатыр.

Жанболат Мамай тағылған айыпты жоққа шығарып, бұл істің саяси астары бар деп санайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG