Accessibility links

Қоғамдық комиссия өкілдері Ресей түрмесіндегі Дадинмен кездескен


Ресейлік оппозициялық азаматтық белсенді Ильдар Дадин.
Ресейлік оппозициялық азаматтық белсенді Ильдар Дадин.

Ресей жоғарғы соты төралқасы кінәсіз деп тапқан азаматтық белсенді Ильдар Дадин Алтай аймағындағы түзеу колониясынан тек ақпанның 28-інде шығуы мүмкін. Бұл туралы сенбі күні "Интерфакс-Сибирь" агенттігіне сұхбатында аталған аймақтағы қоғамдық қадағалау комиссиясының төрағасы Алексей Белоус мәлімдеген. Ол бүгін комиссия мүшелері түзеу колониясында болып, ондағы Ильдар Дадин және өзге тұтқындармен кездескенін айтқан.

"Сәрсенбі күні жоғарғы сот төралқасы отырысының трансляциясы жүріп жатқанда Дадин бөлмеде жалғыз өзі болған. Федералдық жаза орындау қызметі өкілдері қатыспағандықтан олар сот шешімі туралы хабарсыз болған" деген Белоус. Оның сөзінше, қамау мекемесі басшылығы арнайы байланыс қызметі арқылы жіберілетін құжаттың келуін күтіп отыр. "Сол себепті, қазіргі кезде заң тұрғысынан колония басшылығының Дадинді бостандыққа шығаруына ешқандай негіз жоқ. Менің ойымша, оның құжаты сейсенбіге дейін жетіп үлгермес" дейді Белоус.

Ол қамаудағы Ильдар Дадиннің "көңіл-күйі көтеріңкі, жағдайы жақсы" деп сипаттаған.

Жұма күні Еуропаның адам құқығы жөніндегі соты Ресей билігінен азаматтық белсенді Ильдар Дадинді неліктен колониядан шығармай отырғанына түсінік талап еткен. Белсендінің адвокаты Ксения Костроминаның сөзінше, Страсбург соты Ресей үкіметіне жолдаған талабында Дадиннің ақпанның 27-іне дейін қамаудан босап шығатыны туралы жауап күтетінін айтқан.

Дадиннің адвокаттары белсендіні Ресейдің Алтай аймағындағы 5-колониядан заңсыз шығармай отырғаны туралы Еуропаның адам құқығы жөніндегі сотына шағым түсірген. Дәл осындай шағымды Ресей прокуратурасы мен федералдық жаза орындау қызметіне де жолдаған.

Ақпанның 22-і күні Ресей жоғарғы соты 34 жастағы Ильдар Дадинге қатысты қылмыстық істі жабу және белсендінің ақталуға құқылы екені жайлы шешім шығарған.

XS
SM
MD
LG