Accessibility links

Ақтауда университет оқытушылары ректордың отставкаға кетуін талап етті


Шахмардан Есенов атындағы Каспий технология және инжиниринг университеті оқытушылары. Ақтау, 26 ақпан 2017 жыл.
Шахмардан Есенов атындағы Каспий технология және инжиниринг университеті оқытушылары. Ақтау, 26 ақпан 2017 жыл.

Ақтаудағы Шахмардан Есенов атындағы Каспий технология және инжиниринг университетінде бүгін білім және ғылым министрлігі өкілі Дархан Ахмад Заки оқу орнының ректоры Әділбек Ботабековтің үстінен шағымданған оқытушылармен кездесті. Университет оқытушыларынан 200-ге жуық адам қатысқан кездесу таңертеңгі сағат 10-нан кешкі сағат беске дейін жалғасты.

Бұған дейін Шахмардан Есенов атындағы Каспий технология және инжиниринг университеті оқытушылары ректор тарапынан қысым көргендерін айтып, білім және ғылым министрлігі, бас прокуратура, премьер-министр мен президент әкімшілігіне шағым жазған.

Жыл басында Қазақстанның алты жоғары оқу орнында ректорларды тағайындау конкурсы жарияланған. Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті басшылығына 7 кандидат тіркелген.

Машина құрастыру кафедрасы доценті Сәтжан Айсаевтың айтуынша, бүгінгі кездесуде университет ұстаздары оқу орнының қазіргі басшысы Әділбек Ботабековтің кандидатурасын ректорлыққа үміткерлер тізімінен алып тастауды талап еткен. Осы талаппен білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке жазылған үндеуге университеттің педагогтық-профессорлық құрамынан 130 адам қол қойған. Үндеуді білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке жеткізу үшін кездесуде оқытушылар Дархан Ахмед Закиге табыс еткен.

Білім және ғылым министрлігі өкілі Дархан Ахмад Заки мен оқу орны ректоры Әділбек Ботабеков жиын аяқталған соң Азаттыққа комментарий беруден бас тартты. Бұған дейін ректор өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, ұстаздар шағымын «абыройымды түсіруді көздеген қарсыластарымның әрекеті болуы мүмкін» деп санайтынын айтқан болатын.

XS
SM
MD
LG