Accessibility links

Ресейде Борис Немцовты еске алу шеруі өтіп жатыр


Қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер Борис Немцовтың суреті мен гүлдер.
Қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер Борис Немцовтың суреті мен гүлдер.

Бүгін Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосибирск, Қазан және Ресейдің өзге де қалаларында осыдан екі жыл бұрын қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер Борис Немцовты еске алу акциялары өтіп жатыр. Кемеров қаласында жергілікті билік «көлік қозғалысына кедергі жасайды» деп, Немцовты еске алу акциясын өткізуге тыйым салған.

Мәскеудегі Немцовты еске алу шарасына бүгін мыңнан аса адам жиналған. Олардың арасында оппозициялық саясаткерлер, азаматтық белсенділер, құқық қорғаушылар және қатардағы адамдар бар. Азаттықтың Орыс қызметі бұл акциядан тікелей трансляция жүргізіп жатыр.

Еске алу акциясын ұйымдастырушылар арасында "Солидарность", "Парнас", Партия прогресса, "Яблоко", "Открытая Россия", "Партия 5 декабря", Либертарианская партия, "Выбор России", "За права человека", "Московская Хельсинкская группа" сынды ресейлік саяси партиялар мен құқық қорғау ұйымдарының өкілдері бар.

Бүгінгі шеруге келген "Парнас" партиясының жетекшісі Михаил Касьяновтың бетіне белгісіз ер адам көк дәрі шашып жіберген.

1990 жылдардың басында Ресей үкіметінде жоғары лауазымды қызметтер атқарған Борис Немцов 2000-жылдардан бастап оппозиция қатарына қосылған. 2015 жылы ақпанның 27-і күні кешкісін Борис Немцовты Мәскеудің орталығында атып өлтірген. Саясаткердің қазасына күдікті бес адам тұтқындалып, айып тағылған. Тергеу болжамы бойынша қылмысты ұйымдастырушы ретінде күдікке іліккен Шешенстандағы «Север» батальонының бұрынғы офицері Руслан Мухудиновке халықаралық іздеу жарияланған.

XS
SM
MD
LG