Accessibility links

Роза Отунбаева Текебаевты қолдау шеруінде сөйледі


Қырғыз саясаткері әрі дипломат Роза Отунбаева оппозициялық депутат Омурбек Текебаевты қолдау акциясында сөйлеп тұр. Бішкек, 26 ақпан 2017 жыл.

Қырғызстанда 2010 жылғы шілдеден 2011 жылғы желтоқсанға дейін уақытша президент міндетін атқарған саясаткер әрі дипломат Роза Отунбаева Бішкекте бүгін ұсталған парламенттегі «Ата Мекен» оппозициялық партиясы фракциясының лидері Омурбек Текебаевты қолдау акциясында сөз сөйлеген. Ол елдегі саяси күштер Қырғызстанның қандай жолмен жылжитынын талқылап, кеңесуі қажет деп мәлімдеген.

«Өзара айыптауды доғарып, кейінгі балаларымызға не қалдыратынымызды ойлануымыз керек. Елдегі барлық саяси күштерді кеңесулер бастауға шақырамын» деген Роза Отунбаева. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, ол билік кінәсіздік презумпциясы қағидасын сақтап, Текебаевты үйқамақта ұстау үшін босатуы тиіс деп мәлімдеген.

Ақпанның 25-і күні Қырғызстан бас прокуратурасы Омурбек Текебаевқа қатысты қылмыстық кодекстің «алаяқтық» және «жемқорлық» баптары бойынша іс қозғаған.

Оппозициялық депутатты қолдау акциясы қазір Бішкектегі мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимараты алдында өтіп жатыр. Бүгін таңертең Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы парламенттік ассамблеясы жиынына қатысқан соң Венадан оралған Текебаевты Бішкек әуежайында ұстап, тергеуге әкеткен. Кейін билік оның 48 сағатқа ұсталғаны туралы хабарлаған.

Текебаевты ұстауға наразылық білдірген 50-ге жуық адам Қырғызстанның оңтүстігіндегі Ош қаласында жиналған.

Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Темір Сариев бүгін ел президенті Алмазбек Атамбаевқа елде тұрақтылықты сақтауға шақырып үндеу жасаған.

«Омурбек Текебаев - көпжылдық тәжірибесі бар саясаткер. Соңғы бірнеше ай бойы ол президент Алмазбек Атамбаевпен қатты тіресті. Сондықтан, біз қаласақ та, қаламасақ та, Текебаевтың ұсталуы мен тағылған айыптар саяси реңк алып тұр» деген Сариев Азаттықтың Қырғыз қызметіне. Оның сөзінше, Текебаевқа қарсы айтылған айыптаулар дәлелдеуді қажет етеді.

AzattyqTV

Көшпенділер ойынына асық шабандоз қыз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:51 0:00
XS
SM
MD
LG