Accessibility links

Бішкекте оппозициялық депутатты қолдау акциясы жалғасып жатыр


Омурбек Текебаевты қолдап шеруге жиналғандарды милиция өткізбей тұр. Бішкек, 26 ақпан 2017 жыл.

Бішкекте мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) алдындағы наразылық митингісі кезінде оған қатысушылар мен милиция қызметкерлері шекісіп қалған. Қырғызстандық оппозициялық саясаткер Омурбек Текебаевтың ұсталуына наразылық білдіріп жиналғандар милиция шебін бұзып өтуге әрекет жасаған.

МҰҚК ғимараты маңына 500-ге жуық адам жиналды деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз қызметі. Текебаевты қолдау акциялары Ош қаласында және Жалалабад облысының Базарқорған ауданында да өткен.

Бүгін таңғы уақытта Венадан Бішкекке оралысымен Бішкек әуежайында ұсталып, тергеуге әкетілген 58 жастағы оппозициялық саясаткер Омурбек Текебаевқа қатысты билік қылмыстық кодекстің «жемқорлық» және «алаяқтық» баптары бойынша іс қозғаған.

Бір кездері елдің қазіргі президенті Алмазбек Атамбаевтың одақтасы болған Текебаев былтыр жазда президент Қырғызстан конституциясына премьер-министрдің қызмет өкілетін кеңейтетін өзгерістер енгізуді ұсынғаннан кейін оның басты сыншысына айналған. Атамбаевтың президент қызметіндегі өкілеті биыл аяқталады, елдің негізгі заңы бойынша ол бұл орынға қайтадан сайлана алмайды.

Қырғызстанда кезекті президент сайлауы қарашаның 19-ы өтеді деп хабарланған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG