Accessibility links

Бухаресте үкіметке наразылық акциялары қайта жалғасты


Бухарестегі үкіметке қарсы шеруге жиналғандар. Румыния, 26 ақпан 2017 жыл.
Бухарестегі үкіметке қарсы шеруге жиналғандар. Румыния, 26 ақпан 2017 жыл.

Мыңдаған румыниялық 26 ақпанда Бухаресте үкіметке қарсы наразылық шерулеріне қайта шығып, үкіметке отставкаға кету туралы талаптарын қайта қойды. Демонстранттар үкіметті биліктегі коррупцияға қарсы заңдарды әлсіретіп жатыр деп айыптайды.

Жексенбі күні 3 мыңға тарта адам Бухарестегі парламент үйі алдындағы Жеңіс алаңына жиналып, қағаз бен матадан Еуропа Одағының (ЕО) туын үлкен көлемде бейнелеп тұрды.

Демонстранттар қарсылығы арқылы ЕО мен оның құндылықтарына қолдау білдіретінін айтады. Демонстрацияға жиналғандар сонымен қатар "Отставка!" және "Сендер ұрысыңдар!" деген сияқты ұрандарды айтып айқайлады.

Полиция үкімет ғимараттары орналасқан алаңға баратын жолдарды жапты.

Румыния үкіметі ақпанның басында елдегі адамға толы түрмелерден кей санаттағы тұтқындарды босату мақсатында заңдағы кейбір коррупциялық қылмыс түрлері үшін белгіленген жазалау шараларын өзгертуді ұсынған. Шенеуніктердің коррупциялық іс-әрекеті 44 мың еуродан аспайтын сомаға зиян келтірген болса, оларды қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы үкіметтің бастамасы тұрғындардың жаппай наразылығына кезікті. Жаппай қарсылық шерулерінен соң премьер-министр Сорин Гриндяну қаулы жобасын кері қайтарып алған.

25 ақпанда Румынияның оңтүстігінде мыңдаған адам Гриндянудың оңшыл үкіметін қолдап шеру өткізді.

XS
SM
MD
LG