Accessibility links

Астана: "БТА Банк" ісі бойынша тергеу аяқталды


Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың (ортада) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл.
Бұрынғы қазақстандық банкир, оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязовтың (ортада) түрмеден шыққан сәті. Франция, 9 желтоқсан 2016 жыл.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы бүгін "БТА Банктегі" қаржы жымқыруға" қатысты қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеу аяқталғанын хабарлады. Бұл іс бойынша басты күдікті оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов саналады.

Ұлттық бюро мәліметіне қарағанда, Әблязов "қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау", "БТА Банк қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру", "банк қаржысын заңсыз пайдалану" және "қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану" баптары бойынша күдікті деп танылған. Бұл іс бойынша өзге де күдіктілер қатарында банктің бұрынғы басқарма төрағасының бірінші орынбасары, қаңтарда Түркиядан депортацияланған Жақсылық Жарымбетов, банктің бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мамеш және банктің несие беру бойынша бұрынғы директоры Қайрат Садықов бар.

"Келтірілген шығынның жалпы сомасы 7,5 миллиард доллардан асады. Тергеу барысында жымқырылған қаржы тұрғындардың зейнетақы жинақ қорындағы ақша, жеке жинаған ақшалары және шетелдік қаржы институттарынан алынған займдар болғаны айқын дәлелденді" делінген ұлттық бюроның бүгін таратқан "БТА Банк" туралы хабарламасында. Онда қылмыстық істің 2224 томды құрайтыны айтылған.

Коррупцияға қарсы қызмет биыл Әблязовті екі рет - 2 ақпан мен 14 ақпан күндері Астанаға тергеуге шақырған. Бірақ бұрынғы банкир екі шақыртуды да елемеген.

Францияда 2013 жылдың жазынан бері үш жылдан аса уақыт қамауда болған оппозициялық олигарх Мұхтар Әблязов 9 желтоқсанда бостандыққа шыққан. Сол күні Франция мемлекеттік кеңесі Мұхтар Әблязовты экстрадициялау туралы үкімнің күшін жойғаны туралы шешімін жариялаған. Мемлекеттік кеңес бұл шешімді БҰҰ-ның азаптау істерін тексеру жөніндегі арнайы уәкілі Нильс Мельцер Франция билігін қамауда отырған Мұхтар Әблязовты Ресейге экстрадицияламауға шақырғаннан кейін қабылдаған. Мельцер мәлімдемесінде: «Франция қандай да бір адамды азаптауға ұшырау мүмкіндігі жоғары елге беріп жібермеуі тиіс» деген.

Мұхтар Әблязов Францияның оңтүстігінде Украина мен Ресейдің қаржылық алаяқтық туралы айыптауы негізінде қамауда отырды. Ресей мен Украина Франциядан оны қайтаруды сұраған. Қазақстан Франциямен экстрадиция туралы келісім жасаспаған. Ресей бас прокуратурасы Әблязовті экстрадицияламау туралы шешімге "негізсіз, халықаралық құқық нормаларына сай емес және бұған дейінгі француз сотының шешіміне қайшы" деп наразылығын білдірген.

XS
SM
MD
LG