Accessibility links

Ақтөбенің "Нұрғасыр" мешітіндегі еңбек дауы жабылды


Айгүл Абдуллина, Ақтөбе қалалық сотының судьясы. 27 ақпан 2017 жыл.

Ақтөбе сотында бүгін облыстық "Нұрғасыр" мешітінің қызметкері Дәмен Өмірбектің бас имам Төлеби Оспанның үстінен жазған шағымы бойынша азаматтық іс қаралып, шешім шықты. Судья Айгүл Абдуллина тараптардың өзара мәмілеге келгеніне байланысты азаматтық істі жапты.

Адвокат Ғалымжан Қарабалиннің сөзіне қарағанда, Дәмен Өмірбек Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына (ҚМДБ) қарасты "Зекет" қорының Ақтөбе облысы бойынша заңды өкілі. Одан бөлек, 2015 жылғы мамыр айы мен 2016 жылғы мамыр аралығында "Нұрғасыр" мешіті жанындағы қайырымдылық қорына қаржы жинаумен де айналысқан. Яғни, мешітте арнайы келісім-шарт негізінде жұмыс істеп, ай сайын "Нұрғасырдан" 34 мың теңге жалақы алып отырған.

Ғалымжан Қарабалин, талапкер Дәмен Өмірбектің өкілі. Ақтөбе, 27 ақпан 2017 жыл.
Ғалымжан Қарабалин, талапкер Дәмен Өмірбектің өкілі. Ақтөбе, 27 ақпан 2017 жыл.

Адвокат өзіне сенім артушы Дәмен Өмірбектің "Нұрғасыр" мешітіне Төлеби Оспан бас имам болып тағайындалғаннан кейін қайырымдылық қорындағы жұмысынан шеттетілгенін айтады. Сол үшін ол бас имамның үстінен сотқа шағымданып, соңғы тоғыз айдың жалақысы мен 200 000 теңге моральдық шығын талап еткен.

Жауапкер өкілі Сағымбай Қоңырбаев мұны жоққа шығарып отыр. Оның сөзіне қарағанда, Дәмен Өмірбек мешіттің штатындағы адам емес. ҚМДБ "Зекет" қорының Ақтөбедегі өкілі. Ал бұл қордың "Нұрғасыр" мешітіне еш қатысы жоқ. Мешіт қордың өкілін жұмыс кабинетімен ғана қамтамасыз еткен.

27 ақпандағы алғашқы сот отырысында тараптардың өзара мәмілеге келгені белгілі болды. Бұл туралы судья Айгүл Абдуллинаға Сағымбай Қоңырбаев хабарлады. Қоңырбаевтың қолында Дәмен Өмірбектің талабынан арызынан бас тартатындығы туралы арыз болды.Оны Дәмен Өмірбектің адвокаты Ғалымжан Қарабалин де растап отыр.

Сағымбай Қоңырбаев, жауапкер жақтың өкілі. Ақтөбе, 27 ақпан 2017 жыл.
Сағымбай Қоңырбаев, жауапкер жақтың өкілі. Ақтөбе, 27 ақпан 2017 жыл.

Азаттық тілшісіне телефонмен берген сұқбатында Дәмен Өмірбек қайырымдылық қорындағы жұмысынан заңсыз шеттетсе де, бас имамды Алла тағаланың разылығы үшін кешіргенін айтты.

- Төлеби Оспанов моральдық шығынды өтеген жоқ. Бірақ сотқа шағымдану үшін жұмсаған қаржымды қайтарды, - деді ол. Осылайша Ақтөбе облыстық "Нұрғасыр" мешітіндегі еңбек дауы тараптардың мәмілеге келуімен шешілді.

"Нұрғасыр" мешітінде мұндай дау алғаш болып отырған жоқ. Былтыр қыркүйек айында мешіттің үш жұмысшысы жалақыларының азайғанына наразылық танытып, мешіттің іс басқарушысынан өздерін тілдегені үшін моральдық шығын өтеп беруді сұраған болатын. Іс сотқа жеткен соң тараптар өзара келісімге келіп, іс жабылған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG