Боксшы Серік Сәпиев "Нұр Отан" партиясының атынан парламент мәжілісінің депутаты болды.
Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, бүгін комиссияның отырысында Сәпиевті "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесі бюросының қаулысы бойынша мәжіліс депутаты ретінде тіркеу туралы шешім қабылданған. Сәпиевке Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев депутат куәлігі мен төсбелгісін тапсырған.
33 жастағы Серік Сәпиев - Алматыда өткен қысқы универсиада ойындары кезінде Атлетикалық қалашықтың мэрі болды. Ол сонымен қатар ЮНЕСКО-дағы ерікті елші болған. Сәпиев спорттағы мансабында бокстан 2005 және 2007 жылғы әлем чемпионы, Азия ойындарының чемпионы болған. Сәпиев 2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы атанғанда оған Олимпиададағы техникасы ең мықты боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогы табысталған.
Өткен жылы "Нұр Отан" пратиясының депутаты, экономикалық реформалар және аймақтық даму комитетінің мүшесі Сергей Дьяченко қайтыс болғанда бір депутаттық орын босаған.