Accessibility links

Қырғызстан парламентінде Текебаевтың ұсталуын талқылап жатыр


Депутат Алмамбет Шыкмаматов Омурбек Текебаевты қолдау акциясында сөйлеп тұр. Бішкек, 27 ақпан 2017 жыл.
Депутат Алмамбет Шыкмаматов Омурбек Текебаевты қолдау акциясында сөйлеп тұр. Бішкек, 27 ақпан 2017 жыл.

Қырғызстан парламентінің депутаттары әріптестері — «Ата Мекен» фракциясының жетекшісі Омурбек Текебаевтың ұсталуын парламенттің жалпы отырысында талқылауды ұсынды. «Ата Мекен» фракциясының мүшесі Алмамат Шыкмаматов мәселені күн тәртібіне қою керектігін талап етіп жатыр.

Ол парламенттің наурыздағы шаралар жоспарын талқылау барысында: «Біз Омурбек Текебаевтың ұсталуына көз жұмып қарай алмаймыз. Сұрақтарға жауап алу үшін парламентке Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы мен бас прокурорды шақыру керек. Сонымен қатар депутаттар комиссиясын құру қажет» деді.

Шыкмаматовтың ұсынысын басқа фракциялардың мүшелері де қолдады. Дауыс беру қорытындыларына орай, депутаттар парламенттің бүгінгі отырысына мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әділ Сегізбаев пен бас прокурор Индира Жолдыбаевты шақыру туралы шешім шығарды.

Оппозициялық саясаткер Омурбек Текебаев 27 ақпан күні соттың шешімімен екі айға қамалған. 26 ақпанда Венада ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының отырысына қатысып қайтқан Текебаев Бішкек әуежайында ұсталды. МҰҚК-нің мәлімдеуінше, Текебаевқа қарсы іс оның премьер-министр болып тұрғанда "ресейлік бизнесменнен бір миллион доллар көлемінде пара алуына" байланысты қозғалған.

Өткен жексенбіден бері Текебаевтың жақтастары Бішкекте және басқа да аймақтарда саясаткерді қолдау акцияларын өткізіп жатыр.

XS
SM
MD
LG