Вашингтон мен Мәскеу Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесуін ұйымдастырып жатқан жоқ деп жазады Wall Street Journal Ақ үй әкімшілігінің атын атамаған жоғары шенді өкіліне сілтеме жасап.
Ақ үй өкілі Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябковтың жуырда мемлекеттік Думада кездесудің қайда және қашан болатыны әлі белгісіз болғанмен, іс жүзінде дайындық басталды деген сөзін жоққа шығарды.
Бұған дейін NBC телеарнасы Путиннің Трамппен кездесуге дайындығына арналған репортаж жариялаған болатын. Онда Ресей президентінің қазіргі кеңесшілері және де кейбір «дипломатиялық қызмет ардагерлері» Путинге америкалық әріптесімен әңгімелесуіне қатысты ұсыныстарын, АҚШ президентінің «психологиялық портретін» әзірлеп жатқандығы айтылады.
Қаңтардың соңында Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге Ресей және АҚШ басшылары 7-8 шілдеге жоспарланған G20 елдері саммитіне дейін кездесуі мүмкін деген еді.
Дональд Трамп 28 қаңтарда Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен болатын. Ақ үй мұны «АҚШ және Ресейдің бір ізге салынуы қажет қарым-қатынастарын жақсартуға бағытталған жақсы қадам» деп атаған. Кремльдегілер Трамп пен Путин жеке кездесуге дайындықты бастау жөнінде келісті деп хабарлаған.