Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев конституцияның 26-бабын өзгертпеуді ұсынды. Бұл туралы Ақорданың Twitter-дегі ресми парақшасында хабарланды.
ҚазАқпараттың хабарлауынша, Назарбаев Астанада билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді бөлу жөніндегі жұмысшы тобының отырысында "бүкілхалықтық талқылауда қоғамда бір ғана мәселе - 26-бапқа қатысты пікір жоғы көрінгенін" айтты. "Бұл бап бойынша заңгерлер үлкен жұмыс жүргізді. Түсіндірілді. Қабылдап жіберуге де болатын еді. Бірақ түсінесіздер ме, конституцияның аты - конституция... Конституцияға қатысты мінсіз консенсус болуы тиіс. Негізгі масса конституцияны қолдауы керек. Осыған байланысты 26-бапты бұрынғы күйінде қалдыруды ұсынамын" деді Назарбаев.
Қазақстанда конституцияға өзгеріс енгізу туралы үкімет ұсынған заң жобасында 26-баптағы "Қазақстан азаматы заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады" деген сөйлемдегі "Қазақстан азаматы" сөзін "әркім" деп өзгерту көзделген. Бірақ бұл өзгеріске қоғамда қарсылық қатты болып, белсенділер биліктен оны өзгертпеуді талап еткен.