Accessibility links

Қарағанды облысында қарқынды геологиялық барлауды жаңғыртпақ


Қазақстандағы алтын кенішінде. 13 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)

Қарағанды қаласында облыстағы геология саласын дамыту мәселелеріне арналған кеңесте бүгін кен орындарын геологиялық барлау және қазба байлықтарын өндіру саласындағы проблемалар талқыланды. Жер қойнауын пайдалану жөніндегі жаңа кодексті дайындау кезінде тілектері ескерілер деген үмітпен жер қойнауын пайдаланушылар өздеріне жұмыс барысында көптеген қайшылықтар, келісім-шарт мерзімінің заң деңгейінде бекітілмеуі және басқа да проблемалар кедергі келтіретінін мәлімдеді.

- Біз Балқаш, Жезқазған, Сәтпаев сынды моноқалаларда онға жуық жобаны жүзеге асырдық. Екі жылдай бұрын ақсақалдарымыз моноқалаларда минералды шикізат базасы сарқылып бара жатқаны туралы мәселе көтерген, сондықтан «Казгеология» бірден зерттеп, бұл аймақтарда геологиялық барлау жұмыстары басталып кеткен. Биыл біз қолға алған жобалардың барлығы Жезқазған, Сәтпаев, Балқаш, Қаражал және Ақсу-Аюлы тәрізді бүгінде тоқыраған аймаққа жататын аудандар төңірегінде атқарылып жатыр. Егер осы жобалар жүзеге асатын болса, онда болашақта жақсы кен орындары жанындағы бұл аймақтар үшін жақсы экономикалық даму болмақ, - деді «Казгеология» ұлттық геология-барлау компаниясы акционерлік қоғамы өкілі Ғалым Нұржанов.

«Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы акционерлік қоғамы өкілі Сергей Касимовтің мәлімдеуінше, «бір жарым мыңнан аса жұмыс орнын ашу қарастырылған».

Өз кезегінде билік өклідері «қазақстандық минералды-шикізат базасын ұлғайтылатыны» туралы хабарлап, бұл аймақ экономикасына да, тұрғындарға да оң әсер етеді деп уәде етті. Ресми тұлғалардың айтуынша, Қарағанды облысында әртүрлі қазба байлықтарын қарқынды геологиялық барлау және өндіру жұмыстары басталатын болады.

- Бізде кадрлар, білікті геологтар жеткілікті, Қарағандыда ондай геологтарды дайындайды. Біз инвесторларды ғана емес, сонымен бірге геологиялық барлау саласында жұмыс істеуге ынталы, Қазақстанның минерлады-шикізат базасын толықтыру үшін жаңа кен орындарын ашумен айналысуға ықылас білдіретін адамдарды да тартамыз деп үміттенеміз, - деді инвестиция және даму жөніндегі министрліктің жер қойнауын пайдалану департаменті директоры Руслан Баймышев.

Қарағанды облысында түсті және қара металдың ірі кен орындары шоғырланған, сонымен бірге мұнда сирек металдар кеніштері де кездеседі.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

XS
SM
MD
LG