Accessibility links

Каримовтың жиені психиатрлық ауруханадан босатылды


Джамшид Каримов, өзбекстандық тәуелсіз журналист.
Джамшид Каримов, өзбекстандық тәуелсіз журналист.

Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің туған жиені, тәуелсіз журналист Джамшид Каримов психиатрлық ауруханадан босап шықты деп хабарлады ЕҚЫҰ-ның БАҚ және сөз бостандығы мәселелері жөніндегі өкілі Дуня Миятович кеңсесінің баспасөз қызметі.

Дуня Миятович Джамшид Каримовтың босатылғанын құптайтынын білдірді. "Мен Каримовтың босатылғанын шын жүректен қоштаймын. Мұхаммед Бекжан босатылған соң ұзамай қабылданған бұл шешім ерекше жағымды және билікті қамаудағы қалған барлық журналистерді, оның ішінде Юсуф Рузимурадов, Салиджон Абдурахманов пен Дилмурод Сайидті босатуға шақырамын" деген Миятович мәлімдемесінде.

Жизақ қаласында тұратын 49 жастағы журналист Джамшид Каримов 2000 жылдары Соғыс пен бейбітшілікті баяндау институты (IWPR), "Арена", "Фергана", Uznews.net сияқты агенттіктермен жұмыс істескен.

Ол алғаш 2005 жылы қыркүйекте ұсталып, кейін өзбек соты оны мәжбүрлі түрде психиатрлық ауруханаға жатқызу туралы шешім шығарған.

2006 жылы қыркүйекте Джамшид Каримов Самарқандағы психиатрлық ауруханаға мәжбүрлі түрде емдеуге жатқызылды. 2011 жылы күзде Каримовты босатқанымен, екі айдан соң ол көпшілік көзінен көрінбей кеткен. 2012 жылдың басында оның биліктің тапсырмасымен қайтадан ауруханаға жатқызылғаны белгілі болған.

Джамшид Каримов ұсталғанға дейін интернетте жергілікті және орталық билікті сынайтын бірнеше мақаласын жариялап үлгерген.

XS
SM
MD
LG