Accessibility links

Министр: Қазақстан мұнай өндіруді азайту міндеттемесін асыра орындады


Мұнай (Көрнекі сурет).
Мұнай (Көрнекі сурет).

Қазақстан ОПЕК-пен жасасқан келісімі бойынша мұнай өндіру көлемін азайту міндетін асыра орындап отыр деп мәлімдеді энергетика министрі Қанат Бозымбаев. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, бұл туралы ол үкіметте өтіп жатқан "Қазақстанның үшінші модернизациясы: Ғаламдық бәсекеге қабылеттілік" деп аталатын конференцияда айтты.

2016 жылы желтоқсанның басында Венада мұнай өндіруші елдер ұйымы (ОПЕК) және оған кірмейтін елдер (Әзербайжан, Бахрейн, Боливия, Экваторлық Гвинея, Қазақстан, Малайзия, Оман, Ресей, Судан және Оңтүстік Судан) министрлерінің жиыны өтіп, онда мұнай өндірісі көлемін азайту туралы ортақ келісім жасалған. Келісім бойынша, ОПЕК елдері мұнай өндірісін тәулігіне 1,2 миллион баррельге дейін азайтып, тәуліктік норманы 32,5 миллион баррельге түсіреді. Ұйымға кірмейтін елдер өндірісті 558 мың баррельге дейін азайтады. Келісім 2017 жылдың алғашқы жарты жылдығының соңына дейін күшінде болмақ.

Қазақстан бұл келісім негізінде тәулігіне 20 мың баррель мұнайды аз өңдеп, тәуліктік межені 1,7 миллион баррельге дейін азайтатын болған.

"Қаңтарда өз міндетімізді асыра орындадық деп айта аламын. Біз өндіріс көлемін қарашадағы көлемнен 20 мың баррельге азайтамыз деген міндеттеме алғанбыз. Біз қаңтарда өндірісті 30 мың баррельге азайттық" деді Бозымбаев.

Министрдің пікірінше, ірі мұнай өндіруші елдердің түгелге жуығының келісімді орындау мұнай баррелі бағасын 56-57 доллар шамасында ұстап тұруға ықпал еткен.

XS
SM
MD
LG