Accessibility links

"Қазақстанның жас кәсіпқойлар қоғамы" кеңсесін тінтіп жатыр


"Қазақстанның жас кәсіпқойлар қоғамы" үкіметтік емес ұйымы жетекшісі Олеся Халабузарь.

«Қазақстанның жас кәсіпқойлар қоғамы» үкіметтік емес ұйымының Алматыдағы кеңсесін тінтіп жатыр деп хабарлады Азаттыққа телефон арқылы осы ұйымның жетекшісі Олеся Халабузарь. Ол телефон тұтқасын берген полиция қызметкері Азаттыққа «саяси экстремизм» деген күдікпен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтты. Бұдан соң Халабузарьмен телефон байланысы үзіліп қалды.

Құқық қорғаушы Андрей Свиридов Азаттыққа мектеп жасындағы екі баланы ерткен Олеся Халабузарьдың бірнеше полиция қызметкерлерімен бірге «Жас кәсіпқойлар қоғамы» қоғамдық ұйымы кеңсесіне кіргенін, сонан кейін есік ішінен жабылып, өзі кіре алмай қалғанын айтты. Свиридовтың сөзінше, оқиға шамамен сағат 19:15 кезінде болған.

Олеся Халабузарь 2015 жылдан бері өзге белсенділермен бірге Қазақстанның «Әділет» («Справедливость») біріккен көпұлтты партиясын құру жөнінде бастама көтеріп жүргенімен, әзірше көздеген мақсатына жеткен жоқ.

Блогер Жанар Ахметтің Азаттыққа хабарлауынша, қылмыстық іс белгісіз бір азаматтың арызы негізінде қозғалған. Жанар Ахмет Азаттыққа көшірмесін ұсынған құжатта «саяси экстремизм» деген күдікпен қылмыстық іс қозғалғаны және Олеся Халабузарьға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны айтылған.

Осыдан бір апта бұрын, ақпанның 23-і күні Олеся Халабузарьды полиция ұстап, Алматы қалалық ішкі істер департаментіне жеткізген. Ол жерде белсендіні тоғыз сағатқа жуық ұстаған. Сол жолы Олеся Халабузарь Азаттыққа полиция өзінен конституцияның 26-бабына өзгеріс енгізуге наразылық акциясын ұйымдастыруға қатысы туралы сұрақ қойғанын айтқан еді. Соған дейін ақпанның 23-і күні түс кезінде Алматының орталығында өткізу жоспарланған ол акция өтпей қалған болатын.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG