Accessibility links

БАҚ: Трамптың күйеубаласы мен кеңесшілері де Ресей елшісімен кездескен


АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның күйеубаласы Джаред Кушнер.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның күйеубаласы Джаред Кушнер.

Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Сергей Кисляк өткен жылы қазіргі бас прокурор Джефф Сешнстен өзге президент Дональд Трамптың бірнеше көмекшісімен, оның ішінде Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнермен кездескен деп хабарлады Ақ үй мен америкалық ақпарат құралдары.

Ақ үйдің хабарлауынша, Кушнер Кислякпен өткен жылы желтоқсанда Трамптың президент қызметіне кіріскенге дейінгі кеңсесі болған Нью-Йорктегі Trump Tower ғимаратында "қысқа ғана кездескен" және оған Трамптың ұлттық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы кеңесшісі Майкл Флинн де қатысқан.

Флинн өткен айда Кислякпен телефонмен сөйлескенінде талқылаған мәселесінде Ақ үйді шатастырғаны үшін отставкаға кеткен.

Associated Press және USA Today агенттіктері де Трамптың сайлауалды кампаниясында халықаралық істер бойынша кеңесші болған Картер Пейдждің Сергей Кислякпен өткен жылы жазда Heritage Foundation қорының шарасында сөйлескенін хабарлады. Джефф Сешнс те Сергей Кислякпен осы шарада кездескен.

Кисляк өткен жылы шілдеде Кливлендте өткен Республикашыл партия құрылтайының аясында Heritage Foundation қоры ұйымдастырған шараға шетелдік дипломаттар қатарында қатысқан.

Пейдж сайлауалды кампаниясында "Ресейге қатысты қызметімде ешқашан ерсі әрекет жасамадым" деген.

USA Today Трамптың сайлауалды кампаниясында оның ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі болған Джеффри Гордонның да құрылтайда Кислякпен кездескенін айтады.

XS
SM
MD
LG