Наурыздың 4-і күні Алматыда футболдан Қазақстан суперкубогы үшін өткен матчта жергілікті «Қайрат» командасы астаналық «Астана» командасын жеңді.
Бәсекелестің қақпасына алғашқы голды ойынның 75-минутында «Қайраттың» қорғаушысы Сезар Арзо салды. Оның командаласы Исламбек Қуат матч соңындағы қосымша уақытта допты қақпаға дәлдеп соғып, есепті 2:0-ге жеткізді.
«Қайрат» футболшылары былтырғыдай биыл да суперкубокты ұтып алды.
Бұл екі команда осымен қатарынан үшінші жыл суперкубок финалында кездесті. 2015 жылғы ойында «Астана» жеңіске жеткен болатын.