Азаттықтың Өзбек қызметіне (Озодлик радиосы) наурызың 3-і түскен видеода Өзбекстан құқық қорғаушылар альянсы жетекшісі Елена Урлаева милиция қызметкерлері оның қолын қайырып бұрап, күш көрсетіп, психиатриялық ауруханаға жатқызғаны туралы айтады. Өзбекстандық құқық қорғаушы Ташкенттегі 1-психиатриялық ауруханаға наурыздың 1-і күні жатқызылған.
Видеотаспада құқық қорғаушы Елена Урлаева отырған жұпыны бөлме аурухана палатасы болуы мүмкін. Видеокамераға ол психиатриялық ауруханаға еркінен тыс жатқызылғаны туралы айтады.
Құқық қорғаушы Елена Урлаеваның сөзі жазылған видео:
Озодлик тілшісі Урлаеваны психиатриялық ауруханаға мәжбүрлі түрде жеткізген учаскелік милиция қызметкері Батыр Шариповпен телефон арқылы сөйлесті. Милиция өкілі Шарипов тілшімізге жауабында Елена Урлаеваға «күш қолданбағаны» туралы айтты.
Адам құқығы жөніндегі өзбек-герман форумы жетекшісі Умида Ниязованың сөзінше, наурыздың 2-і күні Елена Урлаева дүниежүзілік банк пен халықаралық кәсіподақ федерациясы өкілдерімен кездесуге қатысуы тиіс болған.
Өзбекстандық құқық қорғаушы Елена Урлаева бұған дейін де психиатриялық ауруханаға мәжбүрлеп жатқызылған. Соңғы рет оны 2016 жылы наурызда жатқызып, тек үш айдан кейін шығарған еді. 60 жастағы Елена Урлаева ұзақ жылдардан бері Өзбекстандағы мақта алқаптарында балаларды мәжбүрлі жұмысқа жегу, адам құқықтарын бұзуға қатысты өзге де оқиғалар мен экологияға байланысты проблемаларды зерттеумен айналысып жүрген құқық қорғаушы ретінде танымал.