Accessibility links

Малайзия Солтүстік Корея елшісін елден шығармақ


Малайзиядағы Солтүстік Корея елшісі Кан Чхоль. Куала-Лумпур, 20 ақпан 2017 жыл.
Малайзиядағы Солтүстік Корея елшісі Кан Чхоль. Куала-Лумпур, 20 ақпан 2017 жыл.

Малайзия билігі Солтүстік Корея елшісі Кан Чхольді «нон-грата тұлға» деп жариялап, 48 сағат ішінде елден кетуін талап етті деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Малайзия бұл шешімді Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның ағасы Ким Чон Намды Куала-Лумпур әуежайында қастандықпен өлтірілгеннен кейін үш апта өткенде қабылдады. Ким Чон Нам әуежайда оның бетін бір әйел өте күшті улы зат жағылған орамал лақтырғаннан соң көп ұзамай қайтыс болған.

АҚШ пен Оңтүстік Корея бұл қастандықты Солтүстік Кореяның агенттері ұйымдастырған деп мәлімдеген. Қылмысты ұйымдастыруға күдікті төрт адам Ким Чон Нам қаза болғаннан кейін бір сағатқа жетпей Малайзиядан шығып кеткен. Оларға Пхеньянға Джакарта, Дубай, Мәскеу және Владивосток арқылы ұшақпен жеткен. Мәскеу күдіктілерді ұстауға жәрдемдесуден бас тартқан.

«Қылмысқа Пхеньянның қатысы бар» деген айыптауға байланысты Малайзиядағы Солтүстік Корея елшісі Кан Чхоль өз елі малайзиялық тергеу орындарының жұмыс нәтижесіне «сенім білдіре алмайтыны» туралы мәлімдеп, жергілікті биліті «сыртқы күштермен ымырасы бір» деп айыптаған.

Одан кешірім сұрауын талап еткен Малайзия сыртқы істер министрлігінің наразылығын елші елеусіз қалдырған.

«Малайзия елдің намысына тиіп, беделіне нұқсан келтіретін кез келген әрекетке табанды жауап қайтарады» деп мәлімдеген Малайзия сыртқы істер министрі Анифах Қажы Аман.

Ким Чон Намның қазасынан кейін полиция екі қызды –Индонезия мен Вьетнам азаматтарын ұстап, қасақана кісі өлтіру айыбын таққан. Бейнебақылау камерасына олардың бірі Ким Чон Намның бетіне қалай орамал жапқаны түсіп қалған. Әлгі екі қызды ертіп жүрген Солтүстік Корея азаматы Ли Чжон Чольды полиция ұстағанымен, оған айып тағуға негіз болмаған соң кейін босатқан. Елге кіру құжаттары дұрыс болмағандықтан оны Малайзиядан шығарып жіберген.

XS
SM
MD
LG