Франция президенттігіне оңшыл центристік күштерден кандидат Франсуа Фийонның әйелі Пенелопа күйеуінің көмекшісі болып заңды түрде еңбек етіп, техникалық сипаттағы жұмыс міндеттерін атқарғаны туралы мәлімдеді. Өзіне қатысты «қағаз жүзінде ғана жұмыс істеген» деген ақпараттан туындаған жанжал басталғалы алғаш рет берген сұхбатында Пенелопа Фийон күйеуінің жақтастарын жұмылуға және беріспеуге шақырған.
Өз айтуынша, ол әрқашан саясаттан аулақ болған. Пенелопа Фийонның сөзінше, ол күйеуіне баспасөзге шолу әзірлеп, оның көпшілік алдында сөйлейтін сөздерін дайындауға қатысқан. «Жанжал басталысымен неге баспасөзге сұхбат беруден бас тарттыңыз» деген сұраққа жауабында ол «БАҚ айтқанымды бұрмалайды деп ойладым» деп жауап берген.
Қаңтардың соңында француз баспасөзінде Франсуа Фийон әйелі мен балаларын парламентке көмекші жұмысына алғызған деген ақпарат жарияланған. Фийон отбасының мүшелері парламентте көмекші болып расымен жұмыс істеген бе, жоқ әлде тек еңбекақы алып отырған ба – ол жағын қазір тергеушілер анықтап жатыр. Бұл жанжал соған дейін президенттік сайлаудың фавориті саналып келген Фийонның жұрт арасындағы беделінің күрт түсіп кетуіне себеп болған.
Францияда президент сайлауының алғашқы туры сәуірдің соңына таман,екіншісі – мамырдың басында өтпекші. Наурыздың басында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, президенттік сайлау бәсекесінде әсіреоңшыл «Ұлттық майдан» партиясы жетекшісі Марин Ле Пен (26 пайыз дауыспен) бұрынғысынша алда келеді, онан кейін тәуелсіз кандидат, центрист Эманнуэль Макрон (23 пайыз), үшінші орында – оңшыл центрист Франсуа Фийон тұр.