Accessibility links

"Ата Мекен" партиясы Текебаевты ел президенттігіне ұсынды


Қырғызстанның "Ата Мекен" оппозициялық партиясы лидері Омурбек Текебаев.

Қырғызстан парламентіндегі «Ата Мекен» партиясы фракциясының лидері міндетін уақытша атқарушы Алмамбет Шыкмаматов Азаттықтың Қырғыз қызметіне бүгін Бішкекте өткен партияның төтенше съезінде қазір түрмеде отырған Омурбек Текебаевтың кандидатурасын партия атынан Қырғызстан президенттігіне үміткер етіп ұсыну туралы шешім қабылданғанын хабарлады.

Оның ақпараты бойынша, партия съезіне елдің барлық аймақтарынан делегаттар қатысқан. Съез қабылдаған шешімдердің бірі Омурбек Текебаев пен бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Дуйшенкул Чотоновты қамаудан дереу босату туралы талап болған.

Ақпанның 28-і күні Бішкектің Первомай аудандық соты Омурбек Текебаевты екі айға тұтқындауға шешім шығарған соң ол Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу абақтысына қамалған. Текебаевты ресейлік кәсіпкер Леонид Маевскийдің арызы бойынша ұстаған. Ол 2010 жылы «Мегаком» компаниясы акцияларын сатып алуға септесуі үшін Текебаевқа бір миллион доллар бергені туралы мәлімдеген. Тергеушілер Текебаевпен бірге бұл іс бойынша бұрынғы төтенше жағдайлар министрі Дуйшенкул Чотоновқа да айып тағып отыр. Тергеу болжамы бойынша, Чотонов 2010 жылы Текебаевпен бірге ресейлік кәсіпкерден ақша алған.

Текебаев пен Чотонов өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарған.

Бұған дейін үш қырғыз саясаткері – Темір Сариев, Бақыт Торобаев және Омурбек Бабанов биыл қарашада өтуі тиіс президент сайлауына қатысуға ниеті барын мәлімдеген болатын.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG