Accessibility links

Парламент конституцияны өзгерту жобасын екінші оқылымда мақұлдады


Парламент палаталарының біріккен сессиясы, Астана (Көрнекі сурет).
Парламент палаталарының біріккен сессиясы, Астана (Көрнекі сурет).

Қазақстан парламентінің қос палатасы - мәжіліс пен сенат депутаттары бүгін бірлескен отырысында билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу бойынша конституцияға өзгерістер енгізу жобасын екінші оқылымда мақұлдады. "Қазақстан Республикасының конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын 3 наурыз күні парламентке президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынып, парламент оны сол күні-ақ бірінші оқылымда мақұлдаған.

Конституциялық реформа туралы заң жобасын екінші оқылымға дайындау жөніндегі парламенттің бірлескен комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің айтуына қарағанда, заң жобасында конституцияның 19 бабына 26 түзету мен өзгеріс енгізу қарастырылған. Конституцияға өзгерістер президенттің бірқатар өкілеттілігін үкімет пен парламентке беру мақсатында енгізілмек.

Қаңтардың соңында президент Нұрсұлтан Назарбаев билік тармақтары - президент, парламент және үкімет арасында өкілеттіліктер қайта бөлінетінін мәлімдеген. Бұл бойынша конституцияға 40-тан астам өзгерістер мен түзетулер енгізу жобасы жалпыхалықтық талқылауға шығарған.

Ресми мәлімет бойынша, жоба талқыланған бір айда азаматтардан конституцияның 63 бабына байланысты 6 мыңға тарта түрлі ұсыныс түскен.

XS
SM
MD
LG