Accessibility links

Астана Сирия келіссөзінің келесі кезеңінің мерзімін нақтылады


Қайрат Абдрахманов, Қазақстан сыртқы істер министрі.
Қайрат Абдрахманов, Қазақстан сыртқы істер министрі.

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов Астанада Сирия бейбіт келіссөзінің ықтимал жаңа кезеңі 14-15 ақпанда өтуі мүмкін екенін нақтылады. "Кепіл елдер Астанада Сирия келіссөзі бойынша жиын өткізуге қатысты кеңесіп жатыр. Женевада айтылған 14-15 наурыз деген мерзім әзірге күшінде тұр" деді Абдрахманов бүгін журналистерге. Ол кепіл елдер келіссөздің деңгейі мен форматын анықтап жатқанын да айтты.

"Женевада Сирия оппозициясының кейбір өкілдерімен сөйлесудің сәті түсті. Олар қазір бітім режимі, тұтқындарды босату және бітім режимінің күші жүруі тиіс аудандарды анықтауға қатысты жасасқан келісімдер толық орындалмай отыр деп санайды және оған алаңдайды. Оппозицияның кейбір өкілдерінің мұндай алаңдаушылығынан кепіл елдердің өкілдерін хабардар еттік" деді Абдрахманов.

Оның сөзінше, Сирия бейбіт келіссөзіне қатысушылардың көпшілігі "Астана процесінің сәтті жүріп жатқанын" айтқан.

Астанада Ресей, Иран және Түркия ара ағайындық жасаған Сирия келіссөзі екі рет - 23-24 қаңтарда және 15-16 ақпанда өткен. 23-24 қаңтардағы келіссөз қорытындысында қабылданған мәлімдемеде Ресей, Иран және Түркия Сириядағы ұрыс қимылдарының тоқтатылуына бірлесе кепіл болатынын айтқан. Бірақ олар Сириядағы алты жылға созылған соғысты саяси жолмен шешу бағытында алға жылжи алмаған.

XS
SM
MD
LG