Accessibility links

Теміртау соты ойын алаңындағы жарақат үшін өтемақы төлеуге міндеттеді


Александра Функ, ойын алаңында жараланған қыздың анасы. Теміртау, 7 наурыз 2017 жыл.
Александра Функ, ойын алаңында жараланған қыздың анасы. Теміртау, 7 наурыз 2017 жыл.

Теміртау қаласының соты бүгін жергілікті тұрғын Александра Функтің жергілікті билік пен жеке фирмадан кішкентай қызының ойын алаңында аяғын сындырып алғаны үшін материалдық және моральдық шығын өндіріп беру туралы талабын жартылай қанағаттандырды. Сот бас жауапкер - "Теміртау қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі" мемлекеттік мекемесін шағымданушыға моральдық шығын ретінде 300 мың теңге, материалдық шығын ретінде 61 мың теңге төлеп беруге міндеттеді. Сот ойын алаңын жасаған "МеталлургЖилстройСервис" фирмасына қарсы шағымды қарамады. Сот сонымен бірге Теміртау әкімінің қаперіне "болашақта заң бұзудың алдын алу шараларын қабылдау" туралы хабарды жеткізу туралы жеке ұйғарым шығарды.

- Жеке ұйғарым қызметтік тергеу жүргізуді, кінәлі адамды жауапқа тартып, заң бұзуды тоқтатуға міндеттейді. Бұл жағдайдағы заң бұзу - аталған мүліктің ешкімнің балансында болмауы деп саналады. Бұл мемлекеттің салық төлеушілердің ақшасына сатып алған мүлкіне дұрыс қарамау. Шығын қала бюджетінен төленеді. Бірақ мына жағдайда бұл бюджеттен қаржыны өз міндетін дұрыс атқармаған мемлекеттік қызметкерден өндіріп алу туралы кері шағымдануға себеп болады, - деді "МеталлургЖилстройСервис" фирмасының заңгері Сергей Тымченко. Ол сот шешімін дұрыс санайтынын айтты.

Зардап шеккен баланың анасы апелляциялық шағым білдіру жайын шешпеген. Функтің пікірінше, бүлінген аттракцион орналасқан ойын алаңы жазатайым оқиғаға себеп болмас үшін ерекше бақылауға алынуы тиіс дейді.

- Қызым әлі күнге түн ортасында оянып кетіп, өзін операцияға алып кететін сияқты қорқады, үрейден арылмаған. Өйткені ол жерде бұрын да жарақат алғандар болған, тек оның барлығын "жылы жауып", шу болмаған. Шенеуніктердің санасында өзгеріс болуы керек, немесе басшылық құрамды толықтай ауыстыру керек, - деді Александра Функ Азаттыққа.

Функ 2015 жылы қыркүйекте бұзылған ойын тоннелінде баласының аяғын жаралап алғанына кінәлілерді табуға бір жарым жылдан бері талпынып келеді. Қылмыстық іс "кінәліні табу мүмкін болмағандықтан" тоқтатылған. Функ бұдан соң "Теміртау қалалық тұрғынүй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі" мемлекеттік мекемесінен моральдық шығын ретінде 650 мың теңге, материалдық шығын ретінде 65 мың теңге өндіріп беру туралы азаматтық шағым түсірген. Шағымданушы жауапкер екінші тарап - "МеталлургЖилстройСервис" фирмасынан 650 мың теңге моральдық өтемақы төлетуді талап еткен. Жауапкер тараптар соттан шағымды қанағаттандырмауды сұраған.

XS
SM
MD
LG