Accessibility links

"Қазақстанның жас кәсіпқойлар қоғамы" жетекшісін тергеуге шақырды


Олеся Халабузарь, "Қазақстанның жас кәсіпқойлар қоғамы" ұйымының жетекшісі. Алматы, 7 наурыз 2017 жыл.

"Қазақстанның жас кәсіпқойлар қоғамы" қоғамдық ұйымының жетекшісі Олеся Халабузарь Азаттыққа телефон арқылы өзін Алматы қалалық ішкі істер департаментінің (ІІД) тергеушісі Камиль Ушуров 7 наурыз күні сағат 15-ке тергеуге шақырғанын хабарлады. Айтуынша, ол адвокаты Серік Айтбаевпен бірге ІІД ғимаратының жанында тұр.

Адвокат Айтбаев Азаттыққа қазір Халабузарьдің өткен жылы желтоқсанда А.А есімді әлдебір азаматтың шағымы бойынша қозғалған өзінің қатысы бар делінген істе қорғану құқығы бар куәгер мәртебесі барын айтты. Оның сөзінше, тергеушілер қылмыстық кодекстің заңсыз ұйым қызметі туралы 404-бабына сай келетін факті бар дейді.

Адвокат сот алды тергеу аясында сот 2 наурызда тінтуге санкция бергенін, сол күні кешке "Қазақстанның жас кәсіпқойлар қоғамының" кеңсесі мен Халабузарьдің үйінде және оның анасы Наталья Никитенконың пәтерінде тінту жүргізілгенін айтты. 4 наурызда Олеся Халабузарь ІІД-ге шақыртылып, онда Камиль Ушуров Халабузарьдің көзінше тінту кезінде тәркіленген заттардың хаттамасын түзген.

Капитан Ушуров Азаттық тілшісіне Олеся Халабузарьді қылмыстық кодекстің 404-бабына сай қозғалған іс бойынша тергеуге шақырғанын растады.

Олеся Халабузарь өзге белсенділермен бірге бірнеше жыл Қазақстанның "Әділеттілік" біріккен көпұлтты партиясын құрмақ болған. Олеся Халабузарьдің Алматыдағы баспссөз конференциясында айтуынша, партияны тіркеу талпыныстары сәтсіздікке ұшырағандықтан қазір олар "Әділеттілік барлығы үшін" деп аталатын қоғамдық қорын құрмаққа әрекеттеніп жатыр. Бірақ белсенділердің бұл әрекетінен де нәтиже шығар емес.

Ақпанның 23-і күні Олеся Халабузарьды полиция ұстап, Алматы қалалық ішкі істер департаментіне жеткізген. Ол жерде белсендіні тоғыз сағатқа жуық ұстаған. Сол жолы Олеся Халабузарь Азаттыққа полиция өзінен конституцияның 26-бабына өзгеріс енгізуге наразылық акциясын ұйымдастыруға қатысы туралы сұрақ қойғанын айтқан еді. Соған дейін ақпанның 23-і күні түс кезінде Алматының орталығында өткізу жоспарланған ол акция өтпей қалған болатын.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG