Accessibility links

Сағынтаев: ЕАЭО-да Қырғызстанды қолдай береміз


Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің үкімет басшылары кездесу кезінде. Бішкек, 7 наурыз 2017 жыл.
Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің үкімет басшылары кездесу кезінде. Бішкек, 7 наурыз 2017 жыл.

Қазақстан премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бүгін Бішкекте Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше елдер үкімет басшыларының кездесуінде одақтың жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) мен өзара сауда айналымы көлемінің төмендеуіне сыртқы факторлар ықпал еткенін мәлімдеді. Бұл туралы бүгін Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

"Бұл жылдар біздің елдеріміз үшін оңай болған жоқ. Сыртқы факторлардың ықпалы, ғаламдық қаржы және сауда нарықтарындағы тұрақсыздық кері әсер етіп жатыр. ЕАЭО-ның ЖІӨ көлемі 0,7 пайызға төмендеді. Ортақ сауда айналымы 11 пайызға азайды" деген Сағынтаев.

Оның пікірінше, одақ елдері арасындағы сауданы арттыру үшін жаңа тетіктерді түзуде кедергілер мен шектеулерді жою мәселесі өзекті болып тұр.

Сағынтаев 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қырғызстаннан Қазақстан территориясы арқылы Ресейге тасымалдауға рұқсат берілген тауарлардың тізімі ұзарғанын хабарлап, Астананың Қырғызстанды "ЕАЭО талаптарына бейімделуінде" қолдау көрсету ниетін нақтылады. "Біз интеграциялық бірлестігіміз табысты болуы үшін әр елдің қарқынды және ілгерілемелі дамығаны маңызды деп санаймыз" деген Сағынтаев. Қазақстан өткен жылы желтоқсанда Қырғызстанға жүз миллион доллар техникалық көмек беру туралы келісімге қол қойған.

ЕАЭО құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей кіреді. Ресей президенті Владимир Путин ЕАЭО-ны Мәскеудің бұрынғы совет республикаларына ықпал ету және НАТО-ға қарсы құрал ретінде пайдалануға тырысқан.

XS
SM
MD
LG