Accessibility links

Конституциялық кеңес: Өзгерістер жобасы конституцияға қайшы емес


Қазақстан конституциясы (Көрнекі сурет).
Қазақстан конституциясы (Көрнекі сурет).

Қазақстан Конституциялық кеңесі билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу мәселелері бойынша конституцияға енгізілетін өзгерістерді конституцияға сай деп тапты. Бұл туралы бүгін Конституциялық кеңестің баспасөз қызметі хабарлады.

Бүгін Астанада Конституциялық кеңес жиын өткізіп, заң жобасын талқылаған. Жобаны талқылауға Конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов өзі бас тартып, қатысқан жоқ. Себебі ол конституциялық реформа бойынша жұмысшы тобының құрамында болған.

"Президенттің кейбір өкілеттіліктерін үкімет пен парламентке беруді" қарастыратын конституцияға өзгерістер енгізу жобасын парламент 6 наурызда мақұлдаған. Сол күні президент Нұрсұлтан Назарбаев заң жобасын Конституциялық кеңеске жолдап, кеңестен жобада көрсетілгендердің конституцияда белгіленген құндылықтарға, мемлекетті басқару формасы мен қызмет етуінің негізгі ұстанымдарына сәйкестігін қарауды сұраған.

Қазақстан парламенті 3 наурызда қарауына түскен конституцияға өзгерістер енгізу туралы заң жобасын бүгін соңғы оқылымда мақұлдаған. Құжатта конституцияның 19 бабына 26 өзгеріс енгізу қарастырылған. Биліктің мәлімдеуінше, өзгерістер президенттің бірқатар өкілеттіліктерін үкімет пен парламентке беру үшін жасалып жатыр. Заң жобасында президенттің мемлекеттік бағдарлама мен мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын барлық органдар жұмысшыларының еңбек ақысы мен қаржыландырудың ортақ жүйесін бекіту өкілеттілігі үкіметке беріледі. Үкімет президент емес, парламент мәжілісі жаңа сайланғанда отставкаға кетеді. Министрлер лауазымына кандидаттарды президентке премьер-министр ұсынады. Тек сыртқы істер, ішкі істер және қорғаныс министрлерін президент бұрынғыдай өзі тағайындайды. Қазақстанның бірінші президентінің мәртебесі конституцияның тағы бір бабында айқындалып көрсетіледі.

Қазақстанның қолданыстағы конституциясы 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған. Кейін оған бірнеше рет өзгеріс енгізілген.

XS
SM
MD
LG