Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Ақтаудағы Oil Construction Company (OCC) компаниясы кәсіподақ ұйымының жетекшісі Әмин Елеусінов пен кәсіподақтың еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаевтың ісіне байланысты пікір білдірді деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Дүйсенова бұл туралы бүгін Астанада үкімет үйінде баспасөз конференциясында айтты. Оның сөзінше, "Елеусінов пен Құшақбаевқа қарсы істің Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын тіркеуден бас тартумен ешқандай қатысы жоқ".
- Біз 2015 жылы жұмыс істеп жатқан кәсіподақтарға бір жарым жыл ішінде тіркеуден өтуге уақыт бергенбіз. Осы уақыт аралығында тіркелмеген кәсіподақтарды әділет миинстрлігі заңды уақытта тіркеуден өтпеді құжаттарын кері қайтарды. Бұл мәселе жөнінде бізде халықаралық кәсіподақтар ұйымымен де, халықаралық еңбек ұйымымен де түсіністік бар. Ал азаматтардың қаржылық заң бұзуына байланысты құқық қорғау органдары жасаған тексерулердің бұл кәсіподақтар туралы заңға ешқандай қатысы жоқ. 22-ақпанда дүниежүзілік кәсіподақтардың басшыларымен кездестік. Оларға өз заңдарымызды көрсеттік. Біз оларға екі азаматтың тағдырын құқық қорғау органдары Қазақстанның заңдарына сәйкес шешетіні жөнінде хабарладық, - дейді Тамара Дүйсенова Елеусінов пен Құшақбаевтың ісіне қатысты.
Маңғыстау облысында мұнай саласына қызмет көрсететін Oil Construction Company (OCC) компаниясы кәсіподақ ұйымының жетекшісі 56 жастағы Әмин Елеусінов пен осы кәсіподақтың еңбек инспекторы 35 жастағы Нұрбек Құшақбаев Ақтауда биыл қаңтардың 5-інен 21-іне дейін ОСС кәсіподағы кеңсесінде өткен мұнайшылардың жаппай аштық акциясы кезінде ұсталып, Астанаға жеткізілген соң екі айға қамауға алынған. Аштық жариялаған мұнайшылар Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясын тіркеуді талап еткен болатын. Министр Тамара Дүйсенова мұнайшылардың Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтары конфедерациясы заңнамаға сәйкес берілген 2015 жылдан бастап бір жарым жыл ішінде толық тіркеуден өте алмағандықтан тіркелмегенін айтады.
Әмин Елеусіновке қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі бойынша ("сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу"), Нұрбек Құшақбаевқа – 402-баптың 2-бөлігі бойынша ("заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату") айыптар тағылған.