Accessibility links

Мәскеуде Путин мен Ердоған келіссөз өткізді


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Түркия президенті Режеп Ердоған. Мәскеу, 10 наруыз 2017 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Түркия президенті Режеп Ердоған. Мәскеу, 10 наруыз 2017 жыл.

Наурыздың 10-ы күні Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз өткізген Түркия президенті Режеп Ердоған Кремльді екі ел арасында визасыз режим енгізуді тездетуге шақырды. Қос президент Сирия жанжалын реттеу мәселесін талқылады. Ердоған Ресей мен Түркия Сириядағы қантөгісті тоқтату үшін бірлесіп күш жұмсауы қажет деп мәлімдеді.

Кездесуде «Түрік ағыны» газ құбыры мен Түркияның оңтүстігіндегі «Аккую» атом электр станциясы құрылыс жұмыстары қайтадан бұрынғы арнасына түскені айтылды. Ердоған мен Путин 2019 жылы екі елде «Ресей мен Түркия мәдениеті және туризмі жылы» аясында арнайы шаралар өткізу жөнінде уағдаласқан.

Путин жақын арада Түркия азаматтарына Ресейде жұмыс істеуіне салынған тыйым алынатыны туралы мәлімдеді. Әңгіме «құрылыста істейтін түркиялық жұмысшылар» туралы болып отыр. Бұған дейін Ресей түркиялықтарға жұмысшы визасын беруге және ресейлік жұмыс берушілердің Түркиядан жұмысшы жалдауына тыйым салған болатын.

Путиннің айтуынша, виза режимін босаңсытпас бұрын әуелі қауіпсіздік мақсатында екі ел территориясында да күдікті адамдарды сүзгіден өткізу тәртібі белгіленетін болады.

Түрік әскери ұшақтары 2015 жылы қарашада Сирия мен Түркия шекарасы маңында ресейлік әскери ұшақты атып түсіріп, ресейлік екі ұшқыш қаза тапқаннан кейін Ресей Түркияға қарсы санкциялар енгізген. Ресей Түркияға туристік жолдамалар сатуға, Түркиядан кейбір тауарлар әкелуге тыйым салған.

2016 жылдың соңына Түркия мен Ресей Сириядағы жанжалды тоқтату мәселесі бойынша келіссөздерде тығыз қарым-қатынас орнатқанна кейін Мәскеу түркиялық көкөніс пен жеміс-жидек түрлеріне салынған эмбаргоны ішінара алып тастаған. Жұма күні ресейлік «Победа» әуе компаниясы сәуір айынан бастап Мәскеуден Түркияның Анталия курортты қаласына жолаушы тасымалын бастайтыны туралы хабарланды.

XS
SM
MD
LG