Accessibility links

Қырғыз президенті "өзін қаралау кампаниясын" тоқтатуды талап етті


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев бүгін жасаған мәлімдемесінде «баспасөзде өзін қаралауды доғаруды» талап етті.

Мәлімдемеде соңғы кездері Қырғызстанда сөз бостандығы деген желеумен «тәуелсіз журналистпіз деушілердің, баспасөз құралдары мен саясаткерлердің шағын тобы іс жүзінде өздеріне жақпаған адамдарды, соның ішінде ең әуелі тәуелсіз Қырғызстанның барша халық сайлаған президентіне жүгенсіз жала жауып, қаралауға құқық берілуін талап етіп отыр» делінген.

«Мұндай кампания жекелеген БАҚ және тіпті әлеуметтік желіде мақсатты түрде соңғы бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатыр, ал былтырдан бері ерекше күшейіп кетті. Жалғандық, жала мен қаралау кампаниясы. Халқымыз үшін қастерлі сөз бостандығы принциптерін арсыз және адамгершіліктен ада өтірік пен жала жабуға айырбастап отыр» деген Атамбаев мәлімдемесінде.

Қырғызстанда осы айдың басында танымал екі оппозициялық саясаткер – Омурбек Текебаев пен Дуйшенқұл Чотонов екі ай тергеу кезеңінде тұтқындалғаннан кейін саяси ахуал күрделі күйінде қалып отыр. Қылмыстық айып тағылған қос саясаткер мен олардың жақтастары билік оларды саяси көзқарасы үшін қудалап отыр деп санайды.

Бұған дейін Қырғызстан бас прокуратурасы ел президентінің ар-намысын қорғап, ол туралы материал жариялаған zanoza.kg сайты мен Азаттық радиосына қарсы екі талап арыз берген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG