Accessibility links

Түркия Қырымнан паром қабылдауды тоқтатты


Түркияның Зонгулдак порты. (Көрнекі сурет.)
Түркияның Зонгулдак порты. (Көрнекі сурет.)

Түркия Ресей аннексиялап алған Қырыммен арада паром қатынасын қайта қалпына келтіргеннен кейін жарты жыл өткенде түбектен паром қабылдауды тоқтатты. Оның себебі туралы айтылмайды.

Түркиялық баспасөз құралдарының хабарлауынша, соңғы екі аптаның ішінде Анкара Қырымнан келген кез келген паром мен кемелерді қабылдамай жатыр. Қырым мен Түркия арасында жеміс-жидек, көкөніс, құрылыс материалдарын тасымалдаған бірнеше паром жүрген. Енді түркиялық азық-түлік пен тауарларды түбекке жеткізу тоқтатылады.

Қырым мен Түркия арасындағы паром қозғалысы 2015 жылы қарашада Сирияның солтүстігіндегі Түркиямен шекарада түрік әуе күштері ресейлік әскери ұшақты атып түсіріп, екі орыс ұшқышы қаза тапқан оқиғадан кейін үзіліп қалған. 2016 жылы күзде теңіз қатынасы қайта жалғасқан.

Ресей Украинаның Қырым түбегін 2014 жылы наурызда аннексиялап алған. Әлемнің көптеген елдері және БҰҰ Ресей түбекті заңсыз аннексиялады деп біледі. Түркия да Қырымды Ресейдің бөлігі деп танудан бас тартқан. Биыл қаңтарда Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу Анкара бұл мәселеге байланысты ұстанымын, тіпті Ресеймен ынтымақтастықты қайта қалпына келтіргеніне қарамастан, еш өзгертпейді деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG