Accessibility links

Нидерланд ел аумағына түрік министрін кіргізбей қойды


Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу. Берлин, 8 наурыз 2017 жыл.
Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу. Берлин, 8 наурыз 2017 жыл.

Нидерланд билігі Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглуды ел аумағына кіргізуден бас тартқан. Чавушоглу Түркия конституциясына толықтырулар мен өзгертулер енгізу туралы референдум алдында Роттердамға үгіт-насихат митингісіне қатысуға бармақшы болған. Роттердам мэрі қауіпсіздік мақсатын алға тартып митингіге тыйым салған және түрік дипломаты отырған ұшақтың қонуына рұқсат бермеген.

Түркия президенті Режеп Ердоған министр Мевлют Чавушоглуды кіргізбеген Нидерланд билігін «нацизм сарқыншағы» деп атаған. Ол бұған жауап ретінде Голландия ұшақтарының Түркияға ұшуына шектеу қоюға уәде еткен.

Наурыздың басында Германияның бірнеше қаласында екі түрік министріне үгіт-насихат алаңын беруден бас тартқан соң Ердоған Германияның Анкараға қатысты саясатын нацистер іс-әрекетімен теңестірген еді.

Биыл сәуірде Түркияда конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы референдум өтпекші. Онда елдегі билік жүйесін парламенттік формадан президенттік басқаруға өткізу мәселесі дауысқа қойылады. Жаңа өзгертулерге қарсылық білдірушілер билікті бір адамның қолына шоғырландыру адам құқықтарының бұзылуына апарып соғуы мүмкін деп қауіптенеді.

XS
SM
MD
LG