Accessibility links

Алтынемел қорығына бес Пржевальский жылқысы жіберілді


Орынбор облысындағы қорықта жүрген Пржевальский жылқылары. Ресей, ақпан, 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)
Орынбор облысындағы қорықта жүрген Пржевальский жылқылары. Ресей, ақпан, 2016 жыл. (Көрнекі сурет.)

Шымкенттегі хайуанаттар бағында осы уақытқа дейін болған Пржевальский жылқысының шағын үйірі Жетісу жеріндегі Алтынемел ұлттық қорығының аумағына жерсіндіруге жіберілді деп хабарлайды 24.kz. Мамандар хайуанаттар бағында дүниеге келіп, жетілген төрт бие мен бір айғыр табиғи ортаға тез бейімделіп кетер деп үміттенеді.

Зообақ басшысы Нұрғазы Бұқарбаевтың айтуынша, бүгінде Қызыл кітапқа енгізілген, бір кездері Қазақстанда да болған бұл түз жылқысын қорық аумағына жіберудегі мақсат – табиғи ортада оның санын қайта көбейтуді көздейді. Төрт биенің бірі буаз, ол мамыр айының басында Алтынемел жерінде алғашқы төлін беруі тиіс дейді мамандар.

Қазақстандағы аса ірі табиғи парктердің бірі – Алтынемел 1996 жылы құрылған. Онда өсімдіктің 1800 түрі, омыртқалы жануарлардың 200-ге жуық түрі бар. Алтынемелді Қызыл кітапқа енген ақ сусар, қарақұйрық, арқар, Бұқар маралы, құлан, сілеусін, Тянь-Шань қоңыр аюы және Пржевальский жылқысы мекендейді.

XS
SM
MD
LG