Accessibility links

Роттердамда Ердоған жақтастарының митингісін күшпен таратты


Роттердамдағы түрік консулдығы алдында Түркия туын ұстап тұрған адамдар. 11 наурыз 2017 жыл.
Роттердамдағы түрік консулдығы алдында Түркия туын ұстап тұрған адамдар. 11 наурыз 2017 жыл.

Роттердамда атты полиция Нидерландтағы түрік консулдығы жанында Түркия президенті Режеп Ердоғанның жақтастары өткізіп жатқан митингіні күшпен таратқан. AFP тілшілерінің наурыздың 12-і күні хабарлауынша, бірнеше сағатқа жалғасқан бейбіт шерудің тәртіпсіздіктерге ұласу сыңайы байқалғасын оны тарату үшін полиция су шашатын құралдарды қолданған. Бұған дейін Нидерланд билігі келесі айға белгіленіп отырған түрік президентінің өкілетін кеңейтуге бағытталған референдумды қолдау үшін Голландияда өтетін митингіге қатыспақ болған түркиялық екі министрді елге кіргізбей қойған еді.

Түрік премьер-министрі Бинали Йилдирим Анкарада наурыздың 12-сі күні Түркия бұған «қатаң жолмен жауап береді» деп мәлімдеді. «Өз тарапымыздан бұл жағдайға өте табанды қарсылығымызды білдірдік, голланд билігіне ең қатаң шаралар қолданылатынын ескерттік» деген Йилдирим.

Нидерландтағы және өзге де еуропалық ірі қалалардағы лауазымды тұлғалар түркиялық жоғары шенді саясаткерлердің Еуропадағы түрік диаспорасы арасында референдумды қолдау мақсатында үгіт-насихат жүргізу үшін митингілер өткізуіне тыйым салған. Наурыздың 11-і күні кешке Роттердам билігі демонстранттар алдында сөйлеу үшін консулдыққа келмекші болған Түркияның отбасы істері жөніндегі министрі Фатима Бетуль Саян Каяның автокөлігін өткізбей қойған. Роттердам мэрі түрік министрі келген жағына – Германияға қайтарылғаны туралы хабарлаған.

Оның алдында бірнеше сағат бұрын Голландия билігі Түркия сыртқы істер министрі Мевлут Чавушоглудың сапары «қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатер төндіреді» деп, оның ұшағына Нидерланд әуежайына қонуға рұқсат етпеген. Президент Ердоған министрін кіргізбеген Нидерланд билігін «нацизм сарқыншағы» деп атаған. Ол бұған тиісті шаралармен жауап қайтаруға уәде еткен.

XS
SM
MD
LG